Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау – компанияның басты ұстанымы

29 Шілде 2022, 20:22
3063
Бөлісу:
Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау –   компанияның басты ұстанымы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «ҚТЖ» ҰК» АҚ елдегі ірі жұмыс беруші бола отырып, тұрақты түрде жұмысшыларының әл-ауқатын арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді.  

Соңғы жылдары әлемдегі жағдайдың күрт өзгеруімен қаржылық түсімнің кеміп отырғандығына қарамастан, Компания қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға жұмсалатын қаржыны және жалақыны арттыруға күш салуда.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ әрқашанда өз қызметкерлеріне кең ауқымды жеңілдіктерді қамтитын әлеуметтік пакет ұсынып келеді. Осы мақсатқа арналған бюджет жыл сайын ұлғаюда. Егер тарқатып айтар болсақ, ҚТЖ өз қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуына жұмсалатын шығынды 2021 жылы 24,7% ұлғайтты және де ол 11,6 млрд теңгені (2020 жылы – 9,3 млрд) құрады. Жалпы қызметкерлер құқығының сақталуы, еңбекақы төлеу, еңбекті қорғау, басқа да әлеуметтік кепілдіктер Ұжымдық келісім-шартпен бекітілген. Ол бойынша қызметкерлерге әлеуметтік-тұрмыстық еңбек жағдайларын жақсартуға, мерейтойлық күндерге, маңызды оқиғаларға (некеге тұру, балалардың туылуы) әлеуметтік төлемдерге, емдеу мен сауықтыруға, арнайы киіммен қамтамасыз етуге, теміржолшылар балаларының демалысын ұйымдастыруға және басқаларға кепілдік беріледі. Компания және оның еншілес ұйымдары әлеуметтік тұрақтылық деңгейінің жақсаруына ерекше ден қойып отырғандығын айта кету керек. Бұл ретте Басқарма Төрағасы Нұрлан Сауранбаев бір жиында былай деген еді: «Еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты қолдау мақсатында біз үшін қызметкерлердің еңбек жағдайларының тиісті деңгейін қамтамасыз ету маңызды мәселе». Айтса айтқандай, соңғы жылдары Компания өз қызметкерлеріне уақытылы қосымша ақылар мен үстемақылар төлеуге, сапалы арнайы киіммен қамтамасыз етуге, қолайлы еңбек жағдайларын жасауға ерекше назар аударуда.

Бұған дейін жүргізілген шаралар компанияның өндірістік персоналы жалақысын 41%-ке көтеруге мүмкіндік берді.  Бұл мақсатқа 133 млрд. теңге бағытталды. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап желілік филиалдар өндірістік қызметкерлерінің жалақысы сараланған түрде арттырылды. Жалпы, ұлттық компания жалақыны индекстеуге 70 млрд.теңге қарастырды. Негізгі өндірістік персонал жалақысын бұлайша айтарлықтай көтеру 2013 жылдан бері болмаған. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың шілдесінен бастап теміржолшылар еңбекақысын төлеудің облыстық коэффициенттеріне кезең-кезеңімен көшіру қолға алынды. Қазіргі кезде ҚТЖ еңбек ұжымдарында еңбекақы төлеу жүйесіне жаңа тәсілдерді енгізу мәселелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жүйе бойынша бір облыс ішіндегі «учаскелік» өңірлік коэффициенттер кезең-кезеңімен қолданыстағы ең жоғары коэффициент деңгейіне дейін артатын болады. Яғни, қолданыстағы ең аз «учаскелік» коэффициенті  бар  облыс учаскелерінде жалақының едәуір өсімі орын алмақ. Негізінен «облыстық» коэффициенттерге бір мезгілде көшу үшін 22,2 млрд.теңгеден астам қосымша еңбекақы төлеу қоры қажет. Жоғарыда атап өткеніміздей, сыртқы факторларға байланысты бірден төлем жүргізуге компанияның қаржылық мүмкіндігі жоқ. Соған қарамай, ҚТЖ 6 ай аралықпен және 2024 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей  «облыстық» коэффициенттерге кезең-кезеңімен көшуді бастау шешімі қабылданды.

 Қазіргі кезде барлық түйткілді мәселелер «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен компания еңбек ұжымы арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық келісім-шарт бойынша шешімін тауып келеді. «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитовтің айтуынша,  теміржолшылардың еңбекақысы – қашан да даулы мәселе. «Біз елдегі инфляция мен қымбатшылықты ескеріп, Ұлттық компанияға теміржолшыар жалақысын көтеру туралы жыл сайын ұсыныспен шығамыз. Өткен жылы сауалнама жүргіздік. Оған 20 мыңдай адам қатысып, жауап берді. Сонда белгілі болғаны – 100 мың теңгеге дейін жалақы алатын адамдар аз емес екен. Осыны компания басшылығына жеткізіп, 2021 жылы екі рет он пайыз көтеруге қол жеткіздік», дейді кәсіподақ өкілі. Оның сөзінен мәлім болғандай, 2022 жылы еңбекақы төлеудің дифференциальдық жүйесі қолданылған. Соған сәйкес жалақысы ең төменгі жұмысшыларға 40 мың, басқаларына разрядтарына қарай 35,30 мың теңгеден қосылып отыр. Мысалы, осыған дейін Шанақ станциясының 5 разрядты жол жөндеушісінің жалақысы 153,547 теңге болса, биылғы 1 қаңтардан бастап ол 193,547  теңгені құрап отыр.

Қорыта айтқанда, Компания өз қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға айтарлықтай қолдау көрсетуде. Тек Орталық Сала Кәсіподағы тарапынан  жыл сайын түрлі жағдайға ұшыраған теміржолшыларға 20 млн теңгеден астам материалдық көмек көрсетіледі. Жұмыстың ауырлығы мен зияндылығына байланысты мамандықтар қатары артып, оларға үстемақы төлеу шешімін тауып, ұжымдық келісімшартта көрсетілген барлық  төлемдер АЕК-ның мөлшеріне қарай өзгеріп отырады.

Өзгелердің жаңалығы