Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қызғылт-қызыл арық: Экологияға зиянын тигізген кәсіпорынға айыппұл салынды

Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Бұланды аудандық сотында «Макинск зауыты» ЖШС-ға қатысты экологиялық рұқсат талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды (ӘҚБтК-нің 326-бабының 1-бөлігі). Сотта зауыт экологиялық заңнама талаптарын бұзып, ағынды суларға арналған арықтарды зиянды заттармен ластағаны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Экология департаменті қоғамдық ұйымның өтініші және әлеуметтік желіде жарияланған бейнематериал негізінде тексеру жүргізді. Бейнематериалда Макинск қаласындағы арықтардағы судың қызғылт-қызыл түске боялғаны көрсетілген. Аталған арық кәсіпорынның жанында орналасқан және зауыт аумағынан бастау алады.

Тексеру барысында су сынамалары алынып, зерттеу нәтижелері бойынша ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткені анықталды (аммоний азоты, мыс, темір, сульфаттар, хлоридтер, хром, марганец). Тексеру нәтижесінде экологиялық рұқсат талаптарының орындалмағаны анықталды. Қоршаған ортаның ластануын болдырмау және оның алдын алу, анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында 2026 жылғы 9 ақпанға дейін іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы нұсқама берілген. ЖШС-і экологиялық рұқсат талаптарын бұзып, жерді ластаған, осылайша Экологиялық кодекс нормалары бұзылған, - деп хабарлады Ақмола облысы сотының баспасөз қызметі. 

Сот қаулысымен «Макинск зауыты» ЖШС-ға 150 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы