Осака қаласында қыз жігітінің саусағын қызғаныштан шауып тастағаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Japan Today-ге сілтеме жасап.
Жапонияның Осака қаласында үлкен резонанс тудырған оқиға болды. 23 жастағы Саки Сато жігітіне шабуыл жасады деген күдікпен қамауға алынды. Japan Today басылымының мәліметінше, қыз жігітін опасыздық жасады деп күдіктеніп, қызғаныштан жігітінің шынашақ саусағын кесіп тастаған.
Жәбірленушінің айтуынша, Саки өз әрекетін "оның басқаға үйленуіне жол бермеу" ниетімен түсіндірген. Оқиғадан кейін ер адам полицияға жүгінген. Тергеу барысында олардың екі жыл бұрын әлеуметтік желілер арқылы танысқаны және 2024 жылдың шілдесінен бері бірге тұрғаны анықталды.
Осы уақыт ішінде олардың қарым-қатынастары бірнеше рет полицияның араласуына себеп болған.
Тергеу кезінде Сато тағылған айыптарды мойындамай, жігітінің өз-өзіне жарақат салғанын алға тартқан. Алайда, полиция қызметкерлері бірнеше күмәнді жағдайды байқады: үйде жігіттің жеке заттары — смартфон мен жинақ кітапшасы — сейфте сақталған, ал сейфке тек күдіктінің ғана қолы жетімді болған.
Саки Сатоға Жапония Қылмыстық кодексінің шабуыл жасау және ауыр дене жарақатын келтіру баптары бойынша үш айып тағылды.