Қытайға бару ережелері өзгерді: Қазақстандықтар нені білуі керек

Әуе компаниялары жолаушыларға әуежайға ұшуға дейін кемінде үш сағат бұрын келуге кеңес береді.

 depositphotos.com 16 Қыркүйек 2026, 01:23
16 Қыркүйек 2026, 01:23
129
Фото: depositphotos.com

15 қыркүйектен бастап Қытайда шетел азаматтарының елге кіруі мен шығуына қатысты жаңартылған ережелер күшіне енді. Соған байланысты құжаттар мен жолаушылар ұсынған мәліметтерді тексеру күшейтіліп, әуежайдағы паспорттық және иммиграциялық бақылаудан өтуге бұрынғыдан көбірек уақыт кетуі мүмкін.

Жаңа талап бойынша Қытайға баратын шетел азаматтары сапар мақсаты, қонақүйі, маршруты және кері билеті туралы нақты ақпарат ұсынуы керек. Егер жалған құжат немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет анықталса, елге бір жылдан бес жылға дейін кіруге тыйым салынуы мүмкін.

Шекара қызметкерлері жолаушылардың электронды тапсырысын тексеруге құқылы. Алайда жаңа ережелер бойынша барлық туристің ұялы телефонын тексеру міндеттелмеген.

Сонымен қатар Қытай шетелге шығу кезіндегі қауіпсіздік тәуекелдерінің алдын алу жүйесін жетілдіреді. Осы мақсатта мемлекеттік кеңестің тиісті ведомствосы шетелдегі жағдай мен туристік бағыттардағы қауіпсіздікке қатысты ескертулерді жедел жариялап отыруға тиіс.

Қазақстан азаматтарына Қытайға сапар алдында паспорт пен басқа да қажетті құжаттардың жарамдылық мерзімін тексеріп, елге кіру және шығудың қолданыстағы талаптарымен алдын ала танысу ұсынылады. Әуежайдағы бақылау процедуралары ұзаққа созылуы мүмкін болғандықтан, әуе компаниялары жолаушыларға ұшуға дейін кемінде үш сағат бұрын әуежайға келуге кеңес береді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим өзгерген жоқ. Қазақстан азаматтары Қытай аумағында бір сапар барысында 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз жүре алады.

Наверх