Қытайлық ғарышкерлер ел тарихындағы ең ұзақ әрі ерекше ғарыш экспедициясына аттанды. Жексенбі, 24 мамыр күні бортында үш экипаж мүшесі бар "Шэньчжоу-23" басқарылатын ғарыш кемесі сәтті ұшырылды.
Бұл туралы Қытайдың Орталық телевидениесі (CCTV) хабарлады.
Тасығыш зымыран жергілікті уақыт бойынша сағат 23:08-де Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан Цзюцюань ғарыш айлағынан ұшырылды. Команданы 39 жастағы Чжу Янчжу басқарды. Бұл Қытай үшін тарихи тағайындау болды: қытай ғарышкерлігі тарихында алғаш рет экипаж командирі болып борт инженері тағайындалды. Чжу Янчжу үшін бұл "Тяньгун" ұлттық орбиталық станциясына екінші сапары. Онымен бірге тапсырмаларды ұшқыш Чжан Чжиюань мен пайдалы жүк бойынша маман Ли Цзяин орындайды.
Бұл миссияның басты ерекшелігі – бірегей медициналық және ғылыми тәжірибе. Әдетте тайконавтардың ауысымы шамамен жарты жылға созылса, бұл жолы экипаж мүшелерінің бірі "Тяньгун" бортында тұтас бір жыл болады. Ғалымдар салмақсыздық жағдайында адамның ұзақ уақыт үздіксіз болуы ағзаға қалай әсер ететінін жан-жақты зерттемек.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың орбиталық станцияға жасаған миссиялары күтпеген қиындықтарға тап болған. Мәселен, өткен жылдың сәуір айында ұшырылған "Шэньчжоу-20" кемесі экипажы – Чэнь Дун, Чэнь Чжунжуй және Ван Цзе Жерге уақытында орала алмаған. Қараша айында аппарат шағын ғарыш қоқысымен соқтығысты деген болжамға байланысты олардың оралуы кейінге шегерілген болатын. Абырой болғанда, оқиға ауыр салдарға әкелген жоқ, капсула қарашаның ортасында сәтті қонып, үш ғарышкердің де денсаулық жағдайы жақсы деп бағаланған еді.