Бұл туралы QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров Қазақстан экспорттаушылар форумы мен Қытай (Сычуань) – Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нұрлан Құлбатыров атап өткендей, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ең басты сыртқы сауда әріптесі Қытай болды. Бұрын бірінші орында Ресей болатын, енді қазір Қытай 31,5 млрд доллармен көш бастап тұр.
Ол Қазақстанның экспорты 14,7 млрд долларға жетіп, 12 пайызға өскенін атап өтті.
Бүгінгі форумға Қытайдың Сычуань провинциясынан 200-ден астам қытайлық кәсіпкер қатысып отыр. Олар Қытайдың импортымен ғана емес, сонымен қатар қазақстандық тауарларға қызығушылық танытып жатқан экспорттаушылар. Отандық кәсіпкерлеріміз B2B кездесулерде әріптестер табады деп үміттенеміз. Сычуань – Қытайдың ең ірі үш провинциясының бірі. Шыңжаң-Ұйғыр автономдық аймағымен саудамыз қарқынды дамып келеді. Барлық сауданың 50%-дан жуығы осы өңірге тиесілі. Енді Қытайдың ішкі провинциялары қазақстандық өнімдерге қызығушылық танытып отыр, - деді ол.
Сөзінше, қытайлық кәсіпкерлер отандық ауылшаруашылығы, азық-түлік өнімдеріне қызығып отыр.
Сонымен бірге Қытаймен тек экспорт-импорт операциялары ғана емес, сондай-ақ сауда платформаларымен де серіктестік бар. Мысалы, Alibaba – әлемдегі №1 платформалардың бірі. Яғни бизнес пен бизнес өзара саудаларын осы платформада жасай алады. Коронавирус кезінде қазақстандық тауарлар осы платформада таныстырылған болатын. Бұл платформада қазақстандық тауарлардың павильоны бар. Яғни әлемнің кез келген нүктесінен қазақстандық тауарды іздегенде барлық тауардың тізбегі жер жерде жиналып тұрады, - деп түсіндірді ол.