Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдаған болатын.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы заңның негізгі мақсатын түсіндіріп берді.
Заң жобасы қабылданып, Сенатқа жолданды. Бұл заң жобасы негізгі төрт бағыттан тұрады. Олар: екі ел азаматтарының елге келуі, оларға визаның берілуі, азаматтардың азаматтыққа қабылдануы және келу-кету кезінде құқық бұзса. Осы бөліктер туралы ақпараттар алмасады, - деді депутат.
Оның сөзінше, бұл келісім белгісіз мерзімге жасалған. Егер ақпараттардың ұлттық қауіпсіздігімізге, мемлекеттік тұтастығына қандай да бір зияны тиетіндей жағдай болып жатса, тараптар жауап бермеуге құқылы.
Бұл келісімді кел келген уақытта бір тараптың шешімімен тоқтатуға да құқық бар, - деді Жарқынбек Амантайұлы.
Сонымен қатар депутат атап өткендей, елімізге келіп қоныстанып, азаматтық алып жатқан азаматтардың арасында шекарадан заңсыз өту, заңсыз көші-қон арналарын анықтауға бағытталған.
Келген азаматтардың қос азаматтықпен жүру жағдайлары тіркеліп жатады. Осы уақытқа дейін 400-ден астам осындай факті тіркелген. Бұл осындай жағдайлардың алдын алу үшін жасалған келісім. Яғни келген азаматтар туралы екі жақ тоқсан сайын ақпарат алмасып отырады. Екі тарап ақпаратты үшінші тарапқа беретін жағдайда ол беруші бірінші тараптың келісімімен жасалады. Жасыратыны жоқ, келіп жатқан азаматтардың ішінде Қазақстанның азаматтығын ала тұра, Қытайдың да азаматы болып жатады, - деп айтты депутат.
Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, құжат іске қосылғаннан кейін екі ел қанша адам виза алғаны, елдерде болған кезде қандай құқық бұзғаны жайлы ақпарат алмаса алады.