Соңғы жылдары шетелде білім алу дәстүрге айналып келеді. Қазақстандық жастар әртүрлі елдердің бөлген гранттары арқылы шетелде білім алуға мүмкіндік алып жатыр, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Шетелде оқуды алдына мақсат етіп, сол арманына жете білген отандасымыздың бірі – 24 жастағы Ботакөз Елшібек. Қытайдың жетекші университеттерінде оқитын Ботакөз редакциямызға сұхбат берді.
Ботакөз Елшібек 1998 жылы Қызылорда қаласында туып-өскен. Кейін ол 6 жасқа толғанда отбасымен Астана қаласына қоныс аударған.
Білім қуған дарынды қыз
Елордаға қоныс аударғаннан кейін орта мектепте оқыдым, кейін Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түстім. НЗМ-де 11-сыныпты аяқтаған соң, 12-сыныпта Қытайға оқуға түсіп, тіл үйрене бастадым. Оны бір жылдай оқыдым. Тіл курсын аяқтаған соң Шанхай финанс-экономикалық университетіне бакалаврға оқуға грант жеңіп алдым. Бұл Қытайдағы үздік университеттердің бірі саналады. Осы жоғары оқу орнын былтыр «Халықаралық экономика және сауда» мамандығы бойынша тәмамдадым. Ал биыл магистратураны Шығыс Қытай педагогикалық университетінде (East China Normal University) оқып жатырмын, - дейді отандасымыз.
Ботакөз Елшібек 4 тілді (қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдері) жетік меңгерген, қазір бесінші тіл ретінде испан тілін үйреніп жүр. Сөзінше, тіл үйренгенді жақсы көреді, тіпті оқуға бейім, тез үйреніп кетеді.
Жоғарыда атап өткенімдей, мектепте жақсы білім берді. Тілді де үйренуге мүмкіндік болды. Анам «Қытайға ойнауға барған жоқсың, уақытыңды босқа өткізбе» дейді. Оның үстіне университетте шетелдік студенттер өте көп. Олармен сөйлесіп, тіл біліміңді күнделікті сөйлесіп, араласып жүріп-ақ жетілдіріп алуға болады. Оған қоса, сөйлеуді дамытуға арналған тегін орталықтар да көп, - деп айтты ол.
Ботакөз оқуға «Болашақтың» үкіметаралық бағдарламасы арқылы түскен. Оқуға түсу үшін мектеп бітіргені туралы құжат, бағаларын тапсырған. Сөзінше, GPI көрсеткіші де жоғары болуы керек. Өйткені оқуға түскің келсе, GPI төмен болмағаны дұрыс. Сонымен қатар Қытайдың «IELTS» сияқты тіл білу деңгейі, мотивациялық хат және мұғалімдерден, профессорлардан ұсыныс хат тапсыру қажет.
Ботакөз Елшібектің Қытайда жүргеніне 6 жылдай уақыт болды.
«Шетелге оқуға түсетінімді сезетінмін»
Негізі алдымда шетелде оқу туралы мақсат болды. Сөйтіп әртүрлі жолдарын қарастырдым, ең тиімдісі Қытай болды. Себебі Қытайда тегін оқуға болатыны туралы орталықтардың жарнамаларын жиі байқадым. Алайда дәл Қытайда оқимын деген мақсатым болмады. Маған шетелде оқып, жаңа мәдениетті зерттеп, адамдарымен танысқан ұнайды. Бірақ шетелге оқуға түсетінімді сезетінмін. Ата-анам да, жақындарым да Қытайға оқуға кететінімді естігенде ешқандай шектеу қойған жоқ. Керісінше бәрі қолдады, - дейді Қытайдағы қазақстандық студент.
Ботакөз Қытайға келгенінде қытайша мүлде білмеген. Ол тіл үйренуді осында нөлден бастаған.
Қытайға тіл білімінсіз келіп, қытай тілін нөлден бастап үйрендім. Ал мектепте оқығанымда ағылшын тілін еркін меңгерген едім. Жаңа ортаға келгенде аса қатты қиналдым деп айта алмаймын. Өйткені мен оқуға түскен университетте ТМД елдерінен студент көп болды. Олармен бір топта оқып, достасып кеттік. Бірақ бір айта кетерлігі, маған тіл үйрену өте ұнайды, сол себепті де тілді меңгеріп кетуден қинала қойған жоқпын. Осылайша, алғашқы бір жылымды толығымен тілді үйренуге арнап, қысқы каникулда елге де бармадым. Оқудан бос уақытымда интернет клубта жұмыс істеп, ол жерде көп тәжірибе жинадым. Нәтижесінде қытай тілі деңгейім жоғарылап, басқа топқа ауыстым, - деп Ботакөз қытай тілін қалай үйренгені туралы айтып берді.
Сөзінше, елімізде де білім сапасы өте жоғары.
Назарбаев зияткерлік мектебінде білім сапасы өте жоғары. Білімімнің негізін қалады деп айта аламын. Ағылшын тілі болсын, басқа сабақтарды болсын өте жоғары деңгейде оқытады. Мен өз елімізде жоғары оқу орнында оқып көрмегендіктен Қытайдың білім беру үрдісін біздікінен ерекшеленеді деп дөп басып айта алмаймын. Бірақ НЗМ-де оқығанымда мұғаліммен бірлесе көп жұмыс істейтінбіз, пікірталас өткізіп, сұрақ-жауап сессиясы болатын. Ал университетте студент көп, сол себепті профессор лекция оқып, көбіне өздері ғана сөйлейді, - деп айтты отандасымыз.
Қытайлар да қазақтар сияқты өте қонақжай
Қытайдағы шетелдік достарым Қазақстан туралы көп біледі. Оған қоса, өздері бармаса да, Қазақстанға саяхат жасаған достарынан еліміз туралы ақпараттарды естиді. Олардың көбіне «Қазақстан мен Қытай көрші және елдеріміздің қарым-қатынасы жақсы», «дос мемлекеттер» деп, тек жақсы пікірлерін айтып жататынын жиі естимін, - дейді студент.
Ботакөз қытай ұлтының қандай ерекшелігі барын айтты.
Қытайлар да қазақтар сияқты өте қонақжай. Олар үнемі достарын тамақтануға шақырып, ас-тұзын бөлісіп жатады. Қытайлар өте еңбекқор. Олар ерте тұрып, түнге дейін ерінбей жұмыс істей береді. Қазір өзім Шанхайда тұрып жатырмын. Шанхайлықтардың таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін және аптасына 6 күн жұмыс істейтінін білемін. Олар «9-9-6» қағидатын ұстанады. Өйткені қала тез дамып жатыр, жұмыс көп, оның үстіне бәсекелес те бар, - дейді ол.
Жас отандасымыздың айтуынша, қытайлардан көмек сұрасаң, аянып қалмайды. Өте ашық халық. Мені көбі қытай қызына ұқсатып жатады. Қытайлардың барлығы шаян, тарақан жемейді. Ойынша, бұл шетелдіктерде қалыптасқан теріс ұғым.
Made in Kazakhstan-ды таныту – мақсатым
Қытайға келмес бұрын алдыма мақсат қойдым. Мақсатым – Қазақстан мен Қытай арасындағы бір жоба бастау. Өйткені барлығы «Made in China»-ны біледі. Бірақ мен керісінше Қазақстанның тауарларын Қытай нарығына шығарғым келді. Импорт дүкендерінде Франция, Германияны Қазақстанға қарағанда көбірек біледі. Қазақстанның барын білсе де, көбі географияда қайда орналасқанын, қандай мемлекет екенін біле бермейді. Сол үшін олардың ойларында Қазақстан жайында жағымды түсінік қалыптастырғым келді. Оны қазақстандық тауарлар немесе танымал адамдар арқылы өзгертуге болады. Мысалы, Димаш 2017 жылы Қытайда танымал бола бастағанда, Қазақстан да танымал бола бастады, - деп айтты Ботакөз Елшібек.
23 жастағы отандасымызбен биыл Шанхайда өткен халықаралық импорт көрмесінде таныстым. Ол көрмеде аудармашы ретінде шетелдіктерге қазақстандық тауарларды таныстыруға көмектескен болатын.
Қазақстандық студенттер 2017 жылдан бері CIIE-ге, яғни Шанхайдағы халықаралық импорт көрмесіне қатысады. Студенттер аудармашы ретінде көмектеседі. Ал өзім 2020 жылдан бастап атсалысып келемін. Қытайдың танымал әлеуметтік желісі WeChat-тан онлайн платформа аштым. Өйткені қытайлар тауар туралы ақпаратты көбіне осы жүйеден іздейді. Осылайша, қытайдың әлеуметтік желілерін меңгеріп, өзімнің де қызығушылығым ояна бастады. Сөйтіп public ашып, ол жерге айына Қазақстан және еліміздің тарихы, мәдениеті, музыкасы туралы 3-4 мақала жариялап отырамын. Сонымен қатар қазақстандық брендтер (тауар) туралы да ақпарат жазамын. Оны көрген қытайлық кәсіпкерлер менімен байланысады. Осылайша, мен қазақстандық кәсіпкер мен қытайлық кәсіпкерді байланыстырамын, дәлірек айтқанда, араларында делдал қызметін атқарамын. WeChat-тан шағын дүкен аштым, ол жерден де қазақстандық тауарларды сатып алуға болады. Барлық қажетті фото-видео контент бар. Бұл жердегі басты мақсат – еліміздің мәдениеті, адамдары арқылы Қазақстанды таныстыру болады. Кейін елді танығаннан кейін тауарларды да сатуға болады, - деп атап өтті ол сұхбат кезінде.
Ботакөз атап өткендей, Қазақстанды танымаса, ешкім тауар да сатып алмайды.
Жас қазақстандық сонымен бірге шетелде табысқа жетіп жүрген қазақстандықтармен сұхбат ұйымдастырады. Осылайша, жаңа медианы қолдану арқылы Қазақстанға пайдалы контент жасап жүр.
Қазір бұл маған аса көп табыс алып келіп жатқан жоқ. Мұнымен алғашқы кезде хобби ретінде айналыса бастадым. Платформам арқылы қытайлықтардан көбіне бал, шұбат, шайларға сұраныс көп, - деп айтты Ботакөз Елшібек.
Тоқтамай еңбек ете білу қажет
Қытай – әртүрлі. Әр қаланың өзінің ерекшелігі бар. Қалалар өте үлкен және бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Мұнда мүмкіндіктер де жоғары. Бірақ өзіңнің не қалайтыныңды білу керексің. Тоқтамай еңбек ете білу қажет, - деп есептейді ол.
Сондай-ақ қытай асханасы біріне ұнаса, біріне ұнамауы мүмкін. Бірақ Ботакөз қытай тағамдарын сүйіп жейтінін айтады.
Сонымен қатар қытайлардың маған ұнайтын бір қыры – олардың нетворкинг жасай алуы. Олар жаңа таныстарын бірден достарымен таныстырып, ресурстарын бөлісуге тырысады. Өзім де осы қытайлардан нетворкинг жасау машығын үйрене алдым. Әртүрлі іс-шараларға қатысып, таныс ортамен кеңейте түсуге машықтандым. Оған қоса, қытайлық зейнеткерлер спортқа өте жақын. Олар оны күнделікті әдеттеріне айналдырған. Аулаға, саябақтарға барып, гимнастикамен шұғылданып, спортпен айналысқанды жандарына жақын көреді, - деп айтты студент.
Ботакөз Қытайдың Бейжің, Нанкин, Ланчжоу, Юньнань, Үрімші, Циндао және т.б. қалаларында болған.
Отандасымыз Шанхайдағы жас студенттердің, мамандардың басын біріктіретін Scolar Network ұйымын басқарады. Оның бас орталығы Бейжіңде орналасқан.
Осы ұйымның хабын биыл наурыз айында Шанхайдан аштым. Ұйымның жұмысы жалғасуы үшін маған 3 ай уақыт берді. Оған осы уақыт аралғығында адамдар тартып, 3-4 іс-шара ұйымдастыру қажет болды. Хабымыз үш бағыт, дәлірек айтқанда, кәсіпкерлік, инновация және шығармашылық бағыттары бойынша әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Мысалы, «Шанхайда өз кәсібіңді қалай ашу керек?» тақырыбында мамандарды шақырып, стартаптар ұйымдастырдық, - дейді ол.
Тәуелсіздік мен үшін ертеңге деген сенім
Сұхбат кезінде Ботакөз Елшібек елімізді қатты сағынғанын айтты.
Қазақстанды сағындым. Анамды сағындым. Отбасымызбен бас қоспағалы біраз уақыт болды. Бір сіңілім және бір інім бар. Інім қазір Алматыда оқиды, ал сіңілім осында, Қытайдың Нанкин қаласында оқиды, - дейді отандасымыз.
Ботакөз оқуын 2024 жылы оқуын аяқтайды. Магистратураны аяқтаған соң, серіктес компаниямен жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Кейін өзінің жеке консалтинг компаниясын ашу Ботакөздің жоспарында бар. Тәжірибе жинақтап болғаннан кейін елге оралғысы келетінін айтты.
Сөз соңында жас отандасымыз қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ертең елімізде Тәуелсіздік күні. Елдегідей ауқымды көлемде атап өтпесек те, еліме, Отаныма деген махаббат әрқашан жүрегімде. Тәуелсіз Қазақстанды қайда жүрсем де мақтан тұтамын. Тәуелсіздік мен үшін ертеңге деген сенім. Сондай-ақ әлемге ашылған қақпа. Қытайда жүргеніме 6 жыл болды. Бірақ болашақта елге оралу ойымда бар. Өйткені Қытай Қазақстанның ең үлкен көршісі, әрі экономикалық серіктесі. Сондықтан елдеріміздің арасында көпір болу ойымда бар. Жинақтаған тәжірибем мен білімім арқылы Қазақстан мен Қытай компанияларының арасын жақындатқым келеді, - деп сөзін қорытындылады Ботакөз Елшібек.