Қазақстандағы конституциялық реформалар шетелдік ақпарат кеңістігінде де кеңінен талқылануда. Әсіресе Қытайдың блогерлері мен интернет қолданушылары бұл өзгерістерге ерекше назар аударып, түрлі пікір білдіріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда қазақстандық саяси жаңғыруға оң баға берген жазбалар көбейген. Көпшілік реформаға қызығушылық танытып, ізгі тілектерін жолдауда. Пікірлер арасында: «Қазақтар өркениетке бір табан жақындай түсті», «Билік халыққа қайтарылып жатыр», «Модернизация», «Қазақ халқы қандай бақытты», «Құқық үстемдігіне бағдарланған жаңа жүйе құрылып жатыр» деген көзқарастар жиі кездеседі.
Пікір білдірушілердің бір бөлігі реформаларды елдегі саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалаған. Сондай-ақ, бастамалардың мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететіні айтылған.
Желі қолданушыларының бірқатары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің рөліне ерекше тоқталып, оны «Қазақтың Вашингтоны», «Тарихи тұлға», «Елдің бағына туған көшбасшы» деп сипаттаған. Сонымен қатар, «артықшылықтардан, суперпрезиденттік жүйеден өз еркімен бас тартқан халықтың қамқоры» деген пікірлер де жарияланған.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы саяси өзгерістерге шетелдік аудиторияның назар аударуы — елдегі реформалардың халықаралық деңгейде де қызығушылық тудырып отырғанының белгісі.