Қытайда оқыған қазақ қызы: Елде аға, көкесіз де жетістікке жетуге болады

5 Шілде 2022, 13:48
2693
Бөлісу:
Қытайда оқыған қазақ қызы: Елде аға, көкесіз де жетістікке жетуге болады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр редакциямызда тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жастары» арнайы айдары болған еді. Сондағы кейіпкердің бірі Қытайда білім алған Гүлдана Дәуренбек болды. 

Бүгінде оның оқудан оралғанына 2 жыл толды. Осыған орай елде қандай іспен айналысып жүргенін, көзқарасы қалай өзгергені туралы сұрап білдік. 

Қытайдан елге келген кезімде ұлтқа, салт-дәстүрге деген негатив көп болатын. Арада 2 жыл өтті. Өзіммен жұмыс істеудің нәтижесінде бұл пікір өзгерді. Бірінші түсінгенім-мен елімді, Қазақстанды жақсы көретінім. Қазір мені қусаңдар да кетпеймін деп айтамын. Бірақ бұған келу қиын болды. Бастапқыда біраз депрессияда болдым. Мен өзгерді деп, бүкіл халық өзгермейді екен. Даналық келді ме деп ойлаймын. Қазір өз елімде тұрған ұнайды. Адамдар әртүрлі болса да, қабылдап үйрендім, - деді Гүлдана. 

Қытайда оқыған қазақ қызы: Елде аға, көкесіз де жетістікке жетуге болады

Оның айтуынша, Қытайда барлығы жақсы болса да, бірдеңе жетіспейтіндей көрініпті. 

Жалақы барлығына жетеді. Бірақ бірдеңе кем сияқты болатын. Оның не екенін осы жаққа келіп түсіндім. Маған елімнің, халықтың ортасында жүру жетіспеген екен, - деді ол. 

Гүлдана Дәуренбек жақында балаларға қызықты әдіс арқылы ағылшын тілін үйрететін орталық ашқан. 

Қытайда ағылышын тілінен мұғалім болып жұмыс істедім. Сол кездері бізде де балалар кішкентай кезінен ағылшын тілін оқыса деп ойлайтынмын. Себебі Қытайда балалар 3 жастан бастап ағылшын оқиды. Оның нәтижесін білгендіктен, елде де сондай методика арқылы оқытсам деген арманым болды. Осы арманның жетегінде жүріп, Алматыдан офлайн форматта оқытатын мектеп аштым. Қазір 3 жастан 12 жасқа дейінгі балалар арасында ағылышын тілін оқытатын орталықтың негізін қаладым. Балалар engbees мектебінен қызықты білім алып, тілге деген қызығушылығы ашылсын деп «еңбекқор ара» деп қойдық. Қазір Алматы мен өзге қалада филиалын ашу жоспарланып отыр. Балалардың тіл үйренуге деген ең қабілетті жасы – 3 жастан басталады, - деді ол. 

Ұстаздың айтуынша, мектепте балалар тек ағылшын тілінде сабақ алады. 

Қытайда оқыған қазақ қызы: Елде аға, көкесіз де жетістікке жетуге болады

Біздің ашылғанымызға 1 ай ғана болды. Алайда 2 аптаның ішінде бүлдіршіндер тілді түсініп, қажеттіліктерін ағылшын тілінде сұрап үйренді. Қаладан шалғай тұратын елді мекендердің балаларын ойлап, қаланың шетінен мектептерді ашуды қарастырып жатырмыз. Қытайдан үйренген тәжірибемді барынша өзіміздің қаракөздерімізге үйретуге тырысып жүрмін, - деді Гүлдана Дәуренбек. 

Гүлдана бұдан бөлек жеке меншік мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Қазір ол еңбек демалысында жүр. 

Сол мектепте бастауыш сыныпқа тіл үйретемін. Біздің елде жемқорлық, таныс-тамыр жоқ емес, бар. Оған кішкене тосқауыл қойылып келе жатқан сияқты. Мен жұмысқа тегін тұрдым. Ешқандай аға-көкесіз.Сонымен қатар бір-екі жерден мектеп басшысы болуға ұсыныс алдым. Бірақ бас тарттым. Себебі менің тәжірибем әлі де аз. Өсіп, білімімді шыңдаған соң ойланармын дедім. Ағасыз, көкесіз біздің елде көтерілуге болады. Біз одан өзіміз бас тартуымыз керек. Ұсынған кезде бере салмай, өз позицияңды қорғап, ойыңды айтсаң, қоғамды өзгерте аламыз. Мектеп істеген бір жылда әділ жолмен, пайдалы істер атқардым деп айта аламын, - деді ол. 

Дәуренбектің айтуынша, мектепте ата-аналар тарапынан бағаға тым көңіл бөлу қиындық туғызған. 

Баласының бағасы қажет балға жетпей жатса да, баға сұрайтын ата-аналар болды. Оған келіспесең, басшылыққа жүгінетіндер де болды. Әділдікті жақтайтын мұғалім ретінде ол маған қиынға соқты. Ол жүйемен біраз күрестім. Көп ата-ана мен мұғалім баға сұрауға жасқанатын болды. Қоғамдағы адамдардың кейбір көзқарасы да күйзелтті. Онымен күресу қолымнан келмегендіктен, психологияға келдім. Онда да кірпияздықпен қарадым. Психоанализ бағытының негізін қалаған Анна Құдияроваға жүгіндім. Қазір оның шәкірттерінен жеке терапия аламын. Педагогтер үшін жеке терапия алу өте маңызды деп  айтар едім. Себебі өз жанын түсінбеген адам, ешкімге көмектесе алмайды, - деді Дәуренбек. 

Оның айтуынша, бастапқыда ол аз жалақыға жұмыс істеген. 

Қытайда оқыған қазақ қызы: Елде аға, көкесіз де жетістікке жетуге болады

Бірақ мен жұмыс жоқ, жалақы аз дегенге келіспеймін. Себебі елімізде мүмкіндік өте көп. Көре алған, тапқан адам жұмыс істей алады. Өзге салада бизнес ашуға да жағдай бар. Біз мектеп ашу кезінде де «Атамекен» ҰКП-дан грант алуға үлгермей қалдық. Бірақ өңірлерден ашылатын мектептерге сол арқылы ұсынбақпыз. Мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Тек оның жолын таба білу керек. Бұл жастарға өте үлкен көмек. Мен кәсіппен ғана айналыспай, мектептегі мұғалімдікке ораламын, - деді ол. 

Гүлдананың айтуынша, қоғамға пайдалы болып, білім саласына үлес қосу үшін мұғалімдікті тастамай жүр. 

Жоғарғы сынып оқушыларына мүмкіндік болса, шетелде оқуға тырысу керегін айтамын. Шетелде тұрып, білім алып келу бізге өте қажет. Көзқарас өзгереді, көкжиек кеңейеді. Бірақ сол шетелде алған білім мен тәжірибені елде қолданғанда ерекше бақыт сезімін сыйлайды екен. Осылай біз елімізді дамыта аламыз, - деді Гүлдана Дәуренбек. 

Оның айтуынша, былтыр оған Лондонда жұмыс істеуге ұсыныс түскен. 

Қытайда оқыған қазақ қызы: Елде аға, көкесіз де жетістікке жетуге болады

Мен одан бас тарттым. Ол шешім үшін мен өкінбеймін. Көп дүниені түсіндім. Еліме пайдам тиіп жатыр. Балақайларды оқытып жатырмын. Менің бір оқушым Шанхайдың университетіне грантқа түсті. Бұл – мен үшін бақыт. Расисит емеспін, ұлтқа бөлмеймін. Бірақ өз еліңе қызмет еткен ерекше сезім сыйлайды. Жастарға айтатыным, шетелге шықсын, оқысын, бірақ елге келіп қызмет етсе, сол кезде патриот, елге пайда тигізіп жатқан азамат ретінде бақытты сезінеді, - деді мұғалім. 

Сондай-ақ ол біздің еліміздегі мұғалім мамандығына қатысты таптаурын туралы айтты. 

Бізде мұғалім мәртебесін іш пыстырарлық, шаршап жүрген адамның жұмысы сияқты көретінін байқадым. Маған бір оқушым өскенде сіз сияқты ағылшын үйреткім келеді дейтінді жиі естідім. Бір оқушым сіз сияқты шетелге жиі саяхаттаймын. Менің әкем инженер, оның өмірі сіздікінен қарабайыр деп айтады. Мен мұғалім мамандығы өте қызықты екенін түсіндіріп жүрмін. Кейбір оқушылар өскенде блогер болам дейді. Ондайлар өте көп. Блогер болу үшін арнайы маман иесі болудың қажеті жоқ, ол қосымша хобби екенін жеткіземін. Елді дамыту үшін мамандық иесі, белгілі бір кәсіпті меңгеру керегін айтамын. Менің миссиям-осы. Жастар да өз еліне қалтықсыз еңбек етсе, біз елімізді дамыған ТОП елге жеткіземіз, - деп түйіндеді Гүлдана Дәуренбек.

Өзгелердің жаңалығы