Қытайда оқуға 155 грант. Қазақстандықтар тегін оқуға қалай түсе алады

30 Қаңтар 2024, 13:41
613
Бөлісу:
Қытайда оқуға 155 грант. Қазақстандықтар тегін оқуға қалай түсе алады
Фото: автордан

Қытай – әлем бойынша шетелдегі ең танымал оқу бағыттарының бірі. Ол АҚШ пен Ұлыбританиядан кейінгі халықаралық студенттер саны ең көп үшінші ел. Қытай үкіметі бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша Қазақстанға 155 оқу грантын ұсынып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытай университеттеріне оқуға қалай түсуге болады? Шарттары қандай? Шолу жасап көрейік.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» мәліметінше, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы 2003 жылғы 3 маусымдағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Қытай үкіметі 2024-2025 оқу жылына ҚХР мемлекеттік стипендиясы бойынша оқуға мына бағдарламалар бойынша 155 білім грантын ұсынады:

  • Бакалавриат
  • Магистратура
  • Докторантура

Оқуда жүрген үміткерлер мектептен (колледжден, жоғары оқу орнынан) бітірушінің мәртебесі туралы оқу бітірудің жоспарланған күнін көрсете отырып, оқу бөлімімен расталған, қытай немесе ағылшын тілдеріне аудармасы бар нотариалды куәландырылған анықтаманы ұсынуы қажет екенін ескерте кетейік.

Талаптары:

  • Қазақстан Республикасының азаматы;
  • бакалавриатқа үміткерде негізгі орта білімі туралы қосымшасымен аттестаты және жасы 25-ке дейін болуы қажет;
  • магистратураға бакалавр дәрежесі және жасы 35-ке дейін болуы қажет;
  • докторантураға үміткерде магистр дәрежесі және жасы 40-қа дейін болуы қажет.

Грант мынадай шығындарды өтейді:

  • тегін оқу;
  • бакалавриат бағдарламасы бойынша ай сайынғы стипендия – 2,500 CNY (159 мың теңге), магистратурада – 3,000 CNY (190 мың теңге), докторантурада - 3,500 CNY (221 мың теңге);
  • медициналық сақтандыру.
  • жатақхана.

Ал қалған шығындарды грант иегері өз қаражатынан өтейді.

Конкурстық іріктеуге қатысу үшін үміткерлер 2024 жылғы 20 ақпанға дейін Қытай стипендиялық кеңесі сайтында онлайн тіркеуден өтуге тиіс. Ол үшін мына сілтемеге өтіңіз. 

Құжат 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2024 жылғы 31 қаңтарды қоса алғанда «Электрондық үкімет» қабылданып жатыр. Ертең құжатты тапсырудың соңғы күні.

Құжатты онлайн тапсыру бойынша нұсқаулықпен мына жерден таныса аласыз. 

Сондай-ақ құжаттарды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ға қолма қол тапсыруға болады.

Шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу қалай жүргізіледі:

  1. Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен үміткерлердің дербес әңгімелесуін онлайн режимде өткізу.
  2. Үміткерлердің материалдарын қарау және Қорытынды комиссияның шешім шығаруы.

Үміткерлерді іріктеу үшін негізгі өлшемшарттар:

  1. балдық жүйе бойынша шет тілін білу деңгейі;
  2. балдық жүйе бойынша білім туралы құжаттың орташа балы;
  3. тәуелсіз сараптамалық комиссиясының бағасы.

Қағидалардың 17-тармағына сәйкес, халықаралық шарттар/келісімдер шеңберінде шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу кезінде балл тең болған жағдайда мына төмендегілер баллмен басымдыққа ие болады:

  1. жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  2. «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ 175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 072/у нысаны бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін) ұсынған, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті шетелдік білім беру ұйымдарында оқуға болатын бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар;
  3. көп балалы отбасынан шыққан балалар;
  4. ауылдық елді мекеннен шыққан, соңғы 2 (екі) жылда ауылдық елді мекенде тұратын үміткерлер;
  5. шетелдік жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шақыруы бар үміткерлер, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында білім алушылар.

Іріктеу қорытындысы бойынша ұсынылған үміткерлердің тізімі қабылдаушы тарапқа жіберіледі.

Құжат тапсыру бойынша толық ақпаратты жадынамадан көре аласыз.

21-тармақтың 4) тармақшасына сәйкес конкурс жеңімпазының шетелде академиялық оқуды аяқтағаннан кейін міндетті түрде Қазақстан Республикасына қайта оралуы және 1 (бір) жыл мерзіммен үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыруы көзделген.

Конкурсқа қатысу шарттары қандай

1) білімі туралы құжаттың орташа балы

- бакалавр дәрежесін алуға үміткерлер үшін – аттестаттың немесе негізгі орта білімі туралы куәліктің және табельдің/ағымдағы оқу жылындағы ағымдағы үлгерімі туралы транскрипттің немесе арнайы орта білімі туралы дипломның орташа баллы кем дегенде 4,0 (5.0-ден) немесе GPA (Grade Point Average – Грейд Пойнт Авередж – барлық өткен курс үшін орташа арифметикалық бағасы) 3,0 (4,0/4,33-тен) балына немесе оқу орнынан алған растаушы құжатқа сәйкес оның баламасына сәйкес болуы;

- магистратура дәрежесін алуға және резидентурада оқуға үміткерлер үшін – бакалавр/маман дипломының немесе ағымдағы үлгерімі туралы транскрипттің орташа балы кем дегенде GPA (Grade Point Average – Грейд Пойнт Авередж – барлық өткен курс үшін орташа арифметикалық бағасы) 3,0 (4.0/4.33-ден) балына немесе оқу орнынан алған растаушы құжатқа сәйкес оқу орнының бағалау жүйесіне сай оның баламасына сәйкес болуы;

- философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор дәрежесін алуға үміткерлер үшін – магистр дипломының немесе ағымдағы үлгерімі туралы транскрипттің орташа баллы кем дегенде GPA (Grade Point Average – Грейд Пойнт Авередж – барлық өткен курс үшін орташа арифметикалық бағасы) 3,0 (4.0/4.33-ден) балына немесе оқу орнынан алған растаушы құжатқа сәйкес оқу орнының бағалау жүйесіне сай оның баламасына сәйкес болуы;

- ағымдағы үлгерім туралы анықтамаларды ұсынатын үміткерлер үшін – ағымдағы үлгерімнің орташа балының жоғарыда көрсетілген балдарға тиісінше сәйкес болуы;

- үміткер оқу орнында Қағидаларда көрсетілгеннен өзгеше бағалау жүйесімен оқыған жағдайда, үміткер 4,0 немесе 5,0 шкаласы бойынша GPA баламасын көрсете отырып, оқу орнынан хат ұсынады;

- қабылдаушы тарап білім туралы орташа балды төмен белгілеген жағдайда бұл шарт ескерілмейді.

2) оқыту тілін білу деңгейі:

- Ағылшын тілінде оқытатындар үшін – IELTS – 5.5, TOEFL – 46-тен кем емес немесе алдыңғы оқыту деңгейінде осы тілде оқығанын растайтын диплом/транскрипттің болуы.

- Қабылдаушы тарап жағынан тілді білу бойынша неғұрлым жоғары талаптар болған жағдайда, қабылдаушы тараптың талаптары қолданылады.

- Басқа тілде оқытатындар үшін – қабылдаушы тараптың талаптарына сәйкес.

Өзгелердің жаңалығы