Қытай СІМ: Қазақстанның кез келген өнімі Қытайда өз сатып алушыларын таба алады

20 Қыркүйек 2022, 18:07
5604
Бөлісу:
Қытай СІМ: Қазақстанның кез келген өнімі Қытайда өз сатып алушыларын таба алады

Қазақстанның кез келген өнімі Қытайда өз сатып алушыларын таба алады. Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Лю Цзянпин айтты, деп хабарлады Baq.kz тілшісі.

Бейжіңде (ҚХР) Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Орталық Азияға жасаған мемлекеттің сапарының нәтижелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.

Қытай оңтүстік-шығыстағы Ляньюньган портын Қазақстанның пайдалануына берді. Бұл – біздің ел үшін үлкен мүмкіндік. Десе де, Қазақстанның қандай тауарының көптеп келгенін қалайсыздар? – деп сұрады Baq.kz тілшісі Қытай СІМ өкілі Лю Цзянпин ханымнан.

Ляньюньган – бұл біздің (Қазақстан-Қытай – ред.) бірлескен жобамыз. Сондай-ақ бұл - біздің ортақ мақтанышымыз және бірлескен бастамамыз. Ляньюньганда біз бірлескен база құрдық. Мен Қазақстанда жұмыс істеген кезімде жергілікті әріптестерім  Қытай Қазақстанға теңізге шығуды алғаш болып ұсынғанын айтты. Біз Қазақстанда теңізге шығу мүмкіндігі жоқ екенін білеміз. Осы жобаның арқасында Қазақстан осы мәселенің шешімін тапты. Қазақстандық әріптестерім «Қытай – бұл Қазақстанға теңізге шығудың жолы» екенін айтты. Сол себепті  Ляньюньгандағы логистикалық база ашылғаннан кейін өте тез дамып, табысты жұмыс істеп жатыр, - деп айтты ол.

Сөзінше, тауарлардың көлемі жылдан жылға артып келеді.

Бұл бағыт Қытай-Еуропа бағытына сәйкес келеді. Көптеген маманның айтуына қарағанда, пандемия кезінде де бұл бағыт өз «бағытын жоғалтпай», жұмысын жалғастырып жатыр. Сондай-ақ өте үлкен пайда әкеліп жатыр. Бұл жоба біздің екі елге ғана емес, сонымен бірге осы бағыттағы барлық елге пайдасын тигізіп келеді. Біз бұл жобаны мақтан тұтуымыз керек. Сондай-ақ осы жобаның арқасында күллі әлемге елдеріміздің екіжақты серіктестігінің өзара тиімді екенін көрсетуіміз қажет, - деп атап өтті Қытай Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Лю Цзянпин.

Сонымен қатар Қытай СІМ өкілі Қытай нарығында Қазақстанның қандай тауарларын көргілері келетінін айтты.

Қытай - ең ірі нарыққа ие. Сондықтан Қазақстанның кез келген өнімі Қытайда өз сатып алушыларын таба алады, - деп толықтырды Лю Цзянпин өз сөзін.

Өзгелердің жаңалығы