Қытай Қазақстан жеріне ешқашан көзін алартып қарамайды – Берік Уәли

13 Қыркүйек 2019, 15:43
5089
Бөлісу:
Қытай Қазақстан жеріне ешқашан көзін алартып қарамайды – Берік Уәли
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтіп жатыр. 

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли екі күндік сапар нәтижесінде бірқатар маңызды кездесу өткізіліп, маңызды 10 құжатқа қол қойылғанын айтты. 

«Екі күндік сапар өте нәтижелі, өте жоғары деңгейде өтті деп айтуға толық негіз бар. Екі ел басшылары арасында өте жоғары деңгейде кездесулер өтті. Басқа да бірқатар маңызды кездесу өткенін өздеріңіз естіп-біліп отырдыңыздар. Қазіргі таңда еліміздің шекарасының 1782 шақырымы Қытаймен шектеседі екен. Бұл үлкен құрлықтық шекара болып есептеледі. Қытай – Құдай қосқан көршіміз. Сол себептен осы Қытаймен біздің байланысымыздың орнығуы, мәңгілік стратегиялық әріптестіктің орнауы  заңдылық. Осындай әлеуетті, күшті көршімен араласпай, шекарамызды жауып отыру мүмкін де емес. Сол себепті біздің түсінуіміз керек деп ойлаймын. Қытай бізге өзінің идеологиялық саясатын жүргізіп, қандай да бір құйтырқы ойын жасап отырған жоқ. Қайта біз олардың жаңа технологиясын, күнделікті өмірімізге пайдалануға болсын, өндіріс орындарына да инновациялық жаңалықтарын енгізуге мүдделіміз. Қытай Қазақстан жеріне ешқашан да көзін алартып қарамайды, біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындап отыр. Қытай Қазақстанға тек стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Олардың негізгі мақсаты – сауда жасау, сауда арқылы пайда табу. Әлемнің қай түпкірінде жүрмесін, олардың басты мақсаты сол. Осы бағытта жұмыс істеп келе жатыр», - деді Берік Уәли.

Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қыркүйекте Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барып келген болатын.

Өзгелердің жаңалығы