"Қытай-Қазақстан шекарасында дамбы жарылды". Министрлік ресми мәлімдеме жасады

22 Мамыр 2024, 15:49
71865
Бөлісу:
"Қытай-Қазақстан шекарасында дамбы жарылды". Министрлік ресми мәлімдеме жасады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытайда су бөгеттің бұзылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қытайда жарылған дамбы салдарынан Қазақстанды су басуы мүмкін бе?

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары қытайлық әріптестерімен үнемі байланыста. Қытай тарапы трансшекаралық өзендер арқылы секундына 1400 текше метр су жібергендері туралы хабарлады. 

Елдімекендерді су басу қаупі жоқ. Бүгінде Боран гидробекеті аумағындағы Қара Ертіс өзенінде су жіберу көлемі секундына 1700 текше метр, судың деңгейі 543 см.  Ағынды судың келуін ескере отырып, Боран ауылы аумағында Қара Ертіс өзеніндегі гидрологиялық бекетте су деңгейі көтеріледі деп күтілуде.  Осыған байланысты ШҚО «Қазсушар» филиалы мамандарының жұмысы күшейтілген кестеге ауыстырылды. Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының контрреттегіші) су жіберу секундына 500 текше метрден 800 текше метрге дейін ұлғайтылды. Жағдай министрдің жеке бақылауында. Ертең ведомство басшысы Шығыс Қазақстан облысына барады. Бүгін өңірде вице-министр Нұрлан Алдамжаров жүр, - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Еске салсақ, бүгін Қазақстан мен Қытай шекарасында дамбы жарылғаны хабарланды. Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының әкімдігінде ақпаратты растады.

Ресейде құны 1 млрд рубль болатын бөгет жарылды

Бұған дейін дәл осындай апатты жағдай сәуірдің басында болды. Ресейдің Орск қаласында екінші су бөгеті жарылды. Жайық өзенінің суы күрт көтеріліп, құны 1 миллиард рубль болатын бөгет бұзылды, ол осыдан 10 жыл бұрын салынған. 2020 жылы Ресей техникалық қадағалау қызметі бөгетке қатысты 38 ескерту тіркеген. Апатты жағдайдың алғашқы күндері 11 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Қазақстанмен шекаралас орналасқан өңірде төтенше жағдайлар режимі ұзартылды.

Қазақстанда тасқын суын қалай пайдаланады? 

«Қазсушар» мекемесінің Атырау облысы бойынша филиалы Жайық өзені арқылы келетін тасқын суын Каспий теңізіне бағыттау үшін қосымша 14,5 шақырым канал қазып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді. 

Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінен Қамыс-Самар көлдеріне су жібере бастады. Айта кету керек, бұл көлдерге соңғы 20 жылда су бармаған. 2000 жылдан бері алғаш рет Тобыл өзенінде судың көп келгені байқалды. 

Тобыл өзені каскадының ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етті. Осының арқасында су қоймалары ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады. 

Астана су қоймасына жиналған су жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, осыған байланысты су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша су жіберуге тура келді. Бұл жұмыс қымбатқа түсті және құны 2 млрд теңгеден асады. 

Ақмола облысындағы «Алва» және «Кеңбидайық»лиманды суару жүйелері 100%-ға толды. Сондай-ақ Целиноград ауданының Қозыкөш, Мұқыр және Қарасу өзендерінің арналары толық су жинады. Қорғалыжын қорығының Теңіз көліне 1,5 млрд текше метр су жіберілді. 

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен шамамен 1 текше шақырым су алуға қабілетті Жайық-Көшім суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды. Қарағанды облысының су қоймалары 100% толды. Мұнда жиналған су жыл бойы аймақ экономикасының қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді. 

Ұлытау облысының Кеңгір су қоймасынан алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне су жіберілді. 

Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинауы байқалады, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына қолайлы әсер етуі тиіс. 

Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасына трансшекаралық Іле өзеннен келген су ағыны Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде экологиялық мақсатта су жіберуді қамтамасыз етті. 

Жамбыл облысының Тасөткел су қоймасынан Шу өзеніне экологиялық мақсатта су жіберілді. Бұл су сәуір айының басында Түркістан облысы Созақ ауданына жетті. Тасөткел су қоймасынан су жіберу жұмыстары 1 мамырға дейін жалғасады, осы уақыт ішінде Шу өзені арқылы Созақ ауданына шамамен 1 млн текше метр су түсуі тиіс. 

10 сәуірден бастап Ертіс өзенінің су қоймалары каскадынан табиғатты қорғау іс-шараларына су жіберіле бастады. Бұл Павлодар облысының ауыл шаруашылығына қажетті жемшөп базасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Су қоймаларынан жалпы көлемі 6,3 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы