Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қысқы Олимпиада: Бөлінген миллиардтар жүлдеге жеткізе ме?

Аида БАТУХАН
Бүгiн, 16:06
315
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

6 ақпан күні Италияда Қысқы Олимпиада ойындары басталады. Аталған дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 10 спорт түрінен 36 спортшымен медаль үшін бақ сынайды. Бұған дейін Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Олимпиадаға дайындық жұмыстарына мемлекет тарапынан 13,3 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеген болатын. Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі экономистер мен спорт сарапшыларынан аталған қаржының тиімділігі мен күтілетін нәтижелер жайлы пікір сұрады.

Қаражат қалай бөлінді?

Бөлінген қаржы ішінде 585 миллион теңге – федерациялардың қаражаты, 5,3 миллиард теңге – республикалық бюджет, 6,2 миллиард теңге – жергілікті бюджет, 1,2 миллиард теңге – Туризм және спортты қолдау қорынан қарастырылды.

Сонымен қатар, министрлік спортшыларды дайындау мақсатында Германия, Нидерланды, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен 13 шетелдік жоғары деңгейлі тренер-консультант шақырған.

Енді басты сұрақ – осындай дайындықтан кейін Қазақстан Олимпиадада қандай нәтиже көрсете алады?

Экономист: Бұл – бюджетке ауыр салмақ емес

Экономист, сарапшы, "R-Finance" микроқаржы ұйымының қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, 13,3 млрд теңге кез келген жағдайда бюджетке түсетін жүктеме болғанымен, оны шамадан тыс ауыр деп бағалауға болмайды. Ол бұл соманы кез келген жағдайда бюджетке түсетін белгілі бір жүктеме деп баға береді.

Бұл қаржы бір жылда толық игерілмейді. Ол нақты қажеттілікке қарай, әсіресе инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына байланысты кезең-кезеңімен бөлінеді. Қазіргі инфляция мен баға өсімін ескерсек, 13 млрд теңге – мемлекет үшін аса ірі сома емес, - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, мұндай инвестициялар қысқы спорт түрлерінің дамуына серпін беріп, туризм саласына да оң әсер етуі мүмкін.

Ірі халықаралық жарыстар туристік ағынды арттырады. Бұл шағын және орта бизнестің, әсіресе қонақүй мен қызмет көрсету саласының дамуына мүмкіндік ашады. Ал спорттағы жетістік ел имиджін күшейтеді, - дейді Байғанов.

Спорт журналистері не дейді?

Ал спорт журналисі Ерзат Серғазин мамандарды даярлау мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек деп есептейді.

Қазіргі таңда елімізде жоғары деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеп шығара алатын білікті бапкерлер, тәлімгерлер мен кәсіби мамандар жеткіліксіз. Әсіресе, қысқы спорт түрлері – қаржылық тұрғыдан өте шығынды сала, - дейді ол.

Оның пікірінше, бәсекелестік ортаның жоқтығы қысқы спорттың дамуына кедергі келтіреді.

Қарқынды даму үшін тұрақты әрі сапалы бәсеке қажет. Ал халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болу үшін спортшылар мен бапкерлер Еуропада жиі әрі тұрақты түрде дайындықтан өтуі тиіс. Өкінішке қарай, бүгінде хоккей спортына қомақты қаражат бөлінгенімен, Олимпиада ойындарына жолдама алу мәселесі әлі де шешілмей отыр, - дейді ол.

Оның сөзінше, спорт инфрақұрылымын дамытпай, қысқы олимпиада ойындарына қанша қаражат бөлсе де нәтиже болмайды.

Дегенмен Серғазин биыл шорт-трек, конькимен жүгіру және трамплиннен секіру спорт түрлерінен белгілі бір нәтиже күтуге болатынын айтады.

Ал тағы бір спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы бөлінген қаржы көлемін Олимпиадалық цикл аясында қалыпты деп санайды.

Негізі 13,3 миллиард теңге қысқы спорт үшін аса үлкен қаржы деп айту қиын. Себебі қысқы спорттың өзі өте қымбат сала, инвентарьдың өзі өте қымбат. Бұл бір Олимпиадалық циклға бөлінген қаржы болғандықтан, аса ірі қаржы емес деп есептеймін, - дейді ол.

Сондай-ақ, журналист бұл қаражаттың бөлінуінің өзіндік себептері барын түсіндірді.

Қысқы спорт түрлеріндегі спортшылардың басым бөлігі дайындықты шетелде өткізеді. Мысалы, биатлоннан әзірге айтарлықтай нәтиже болмаса да, ұлттық құрама бар. Олар қыс ерте түсетін Еуропа елдеріне барып дайындалады. Ал ол жақтағы оқу-жаттығу жиындары, инвентарь, жол шығындары арзан емес. Шаңғышылар да дәл солай дайындалады, - дейді Ақырыс Сейтқазы.

Ал биылғы Қысқы Олимпиада ойындарында әлем кубогының кезеңдері, әлем чемпионаттары мен Төрт құрлық чемпионаты секілді халықаралық жарыстардың нәтижелерін ескере отырып, арнайы үш спортшы ел қанжығасына медаль әкеледі деп болжайды.

Қысқы спортта біздің әлеуетіміз әзірге аса жоғары деңгейде деп айтуға келмейді. Бірақ мәнерлеп сырғанаудан – Михаил Шайдоров, конькимен жүгіруден – Евгений Кошкин және шорт-тректен – Денис Никишадан медаль күтемін. Денис Никиша соңғы екі әлем чемпионатында күміс жүлде алып, Қазақстан спортының тарихына енді. Себебі елімізде бұған дейін шорт-тректен 500 метр қашықтықта әлем чемпионатында медаль алған спортшы болмаған. Бірақ бұл – олимпиада. Үшеуінің де жүлдеге ілігіп кетуі мүмкін, сондай-ақ мүмкін болмауы да ықтимал. Сондықтан бұл жерде менің көзқарасым – екіұдай, - дейді ол.

Айта кетерлігі, спорт журналисі фристайл, шаңғы акробатикасы, могул секілді спорт түрлерінен біз жүлде аламыз деп нақты айту қиын екенінде жасырмады.

Тележүргізуші Ерқанат Көпжасар Қысқы Олимпиада ойындарынан жақсы жүлде бұйырады деп үміттенетінін жеткізді.

Владимир Смирновтан басқа ешкім әлі қысқы спорт түрлерінен өтетін төрт жылдық додасынан бас жүлде иеленбегенін айтып, Милан-Кортинада бір жақсы жүлде бұйырып қалар. Әйтпесе ақша бөлініп жатыр, спорт инфрақұрылымдары салынып жатыр, - дейді ол.

Қорыта айтқанда, Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындары Қазақстан үшін тек спорттық бәсеке ғана емес, мемлекеттік саясат пен бөлінген қаржының тиімділігін көрсететін маңызды сынақ болмақ.

Мамандардың пікірінше, қысқа мерзімде бір-екі медаль алу маңызды болғанымен, басты нәтиже инфрақұрылымның дамуы, бапкерлер мектебінің қалыптасуы және бәсекелестік ортаның құрылуы. Егер бөлінген қаражат осы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталса, бүгінгі Олимпиаданың нәтижесі ертеңгі тұрақты жетістіктерге негіз бола алады.

Өзгелердің жаңалығы