ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің жылу-энергетика нысандарын аралап, алдағы 2025-2026 жылғы жылу беру маусымына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік биыл қысқы маусымға дайындық барысын тек есептер арқылы емес, тікелей нысандарға барып, көзбен көру арқылы бағалап отыр. Осы мақсатта Ерлан Ақкенжанов Топар ГРЭС-інде турбоагрегатты ауыстырудың соңғы кезеңіне қатысып, жаңа жабдықтың тамыз айында іске қосылатынын хабарлады. Бұл жаңарту өңірдің жылу жүйесінің сенімділігін айтарлықтай арттырады.
Топар станциясында сонымен қатар жаңа күл-қоқыс алаңының құрылысы жүріп жатыр, ал кентте қызметкерлерге арналған жаңа тұрғын үйлер салынуда. Министр Қармет ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың іске қосылып жатқанын және Шахтинск ЖЭО-ның тұрақты жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
Жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер бар екенін білеміз. Бірақ бүгінде нақты нәтижелерге қол жеткізіліп жатыр, - деді ол.
Сапар барысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған қаржыландыру көлемі де белгілі болды. Топар ГРЭС-ін жаңарту мен жөндеуге 2025-2026 жылдарға 34,6 млрд теңге бөлінген. Бұған қоса, өңірдің жылу жүйелерін жаңғыртуға 10 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Негізгі жобалардың бірі – Жезқазған қаласында 75 МВт қуатты бу-газ қондырғысының құрылысы. Бұл жоба электр энергиясы тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Министрлік барлық жөндеу және жаңғырту жұмыстарын үкіметтің тұрақты бақылауында ұстап отыр. Энергетика саласының өкілдері биылғы қысқы маусымға дайындық жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.