Бір қызығы ыстық ауа секілді шашты суық ауа да құрғатады. Сондықтан, қыста олар көп түсіп, солғын тартады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Онымен қалай күресуге болады? Қыста құрғақ бас терісі мен құрғақ шаш айтарлықтай мәселеге айналады. Суық ауа шаштың ылғалын тартып, оны сынғыш және күңгірт етеді, содан бас қыши бастайды. Бас киім шешсеңіз шаш электрленіп тұратынын жиі байқаймыз.
Шаш әдемі және әрі сау болу үшін мамандар төмендегідей күтім жасауға кеңес береді.
Тамақтануға назар аударыңыз. Шашқа пайдалы макро және микроэлементтердің көпшілігін таныс өнімдерден алуға болады. Мысалы, аптасына 2-3 рет майлы балық түрлерін тұтыну арқылы сіз ағзаның омега-3 қажеттілігін өтейсіз, ал күнделікті өсімдік пен жануар ақуызының қажетті мөлшерін қабылдау зат алмасуды күшейтіп, шаш өсуге де мүмкіндік береді.
Ақуызға ерекше назар аударыңыз: ол ет, балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, бауыр, соя, бидай өнімдері, жаңғақтар мен бұршақтарда кездеседі.
Бірақ кейде пайдалы тағамның өзі жеткіліксіз болады. Ондай кезде витаминдер қабылдаған жөн. Қазір барлық қажетті заттары бар арнайы дәрумендер мен минералдар көп. Суық мезгілде шаш фолликулаларына әсіресе мырыш, май қышқылдары, кальций, темір, күкірт, В дәрумендері, А және Е дәрумендері қажет.
Басыңызды дұрыс жуыңыз. Басты ыстық сумен емес, жылы немесе тіпті салқын сумен жуған дұрыс.
Сәндеуге арналған косметикалық өнімдерді аз, ал күтімге арналғанды көбірек қолданыңыз. Шашты пен бас терісін ылғалдандырып, арнайы маскалармен нәрлендіріңіз.
Қыста, жаздағыдай, шаш пен тері құрғақшылықтан зардап шекпеуі үшін жеткілікті таза тұщы су ішу керек. Ересек адамға арналған ұсыным - 1 кг салмаққа 30 мл.
Шаш кептіргіш пен бұйралағышты мүмкіндігінше аз қолданыңыз. Егер шаш кептіру керек болған жағдайда, ең төменгі температура режимін қосыңыз.
Бас терісінің қан айналымына да мән берген жөн. Трихологтар бас терісіне саусақтарыңызбен және ағаш тарақпен үнемі (бірақ шамадан тыс фанатизімсіз) массаж жасауды ұсынады.
Мойын омыртқасын уқалау артық болмайды, өйткені мойын тамырларының саулығы шаштың саулығына да әсер етуі мүмкін.
Суықта бас киім киімсіз жүруге болмайды. Суықтан бастың қан тамырлары тарылып, нәтижесінде тамырларға қоректік заттар дұрыс жеткізілмей, осылайша шаштың әлсіреуі және түсуіне әкеледі.
Май күтіміне де назар аударыңыз. Майлардың өзі ылғалдандырмайды, бірақ олар ылғалды жақсы ұстайды. Қыста көбірек зәйтүн, күнбағыс, кастор, кокос, авокадо майын қолданған дұрыс.