Қырғызстанда мемлекеттік гимннің жаңа мәтініне арналған үздік бес жоба іріктелді, деп хабарлайды BAQ.KZ Sputnik Қырғызстан-ға сілтеме жасап.
Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің хабарлауынша, ведомствоаралық комиссия 16 маусым мен 17 шілде аралығында өткен конкурсқа 79 азаматтан 132 жоба қабылдаған.
Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жобалар авторларының есімдері көрсетілмей қаралды. Комиссия бірінші кезеңнің критерийлері бойынша ең жоғары балл жинаған бес жобаны таңдады. Жақын арада конкурс екінші кезеңінің басталғаны жарияланады.
Бұған дейін Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі мемлекеттік гимннің мәтіні мен музыкасына арналған жаңа жобаларға республикалық конкурс жариялаған еді. Алайда сәуір айында комиссия қабылданған жобалардың ішінен лайықты нұсқаны таңдай алмайтынын мәлімдеді. Сол кезде 165 азаматтан 285 жоба түскен, оның ішінде 90 жоба толық (мәтін, партитура және музыкалық сүйемелдеу), ал қалғандары тек мәтін, тек музыка немесе мәтін мен вокалдан тұратын болды. Барлық жобаларды қарап шыққан комиссия жаңа гимннің жобасын таңдау үшін қайта конкурс өткізу туралы шешім қабылдады.
Конкурстың жүлде қоры:
1-орын: 1,5 млн сом (шамамен 9,3 млн теңге) және жеңімпаз дипломы;
2-орын: 1 млн сом (шамамен 6,2 млн теңге) және лауреат дипломы;
3-орын: 500 мың сом (шамамен 3,1 млн теңге) және лауреат дипломы;
4- және 5-орындар: әрқайсысы 250 мың сом (шамамен 1,55 млн теңге) және лауреат дипломы.