Алматыда құсбегілердің "Қыран-2019" турнирі өтті

23 Желтоқсан 2019, 21:08
4501
Бөлісу:
Алматыда құсбегілердің "Қыран-2019" турнирі өтті

Алматы, BAQ.KZ. Үш күнге созылған бәсекеде еліміздің жеті облысы мен үш қаласынан жүзге тарта саятшылар бақ сынасты. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.

Мақсат - еліміздің мәдени, рухани ордасы - Алматы қаласында ұлтымыздың көне салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, қолға алу.

Былтырдан бастап қала аумағында өткізуді қолға алған "Қыран" федерациясы биыл да жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырды. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған турнирге  елуге жуық бүркіт, 12 ителгі мен 7 қаршыға баптаған бағы мен бабын сынап көрді.    

Бұрындары қатысушылар әрине өте аз болған. Өтіп жатқанда бас-аяғы 20 шақты ғана құсбегі болатын. Оның басым бөлігі ылғи үлкен кісілер еді. Қазір өзіміз қарап қуанып отырмыз. Қатысушылардың 70-80 пайызы жастар. Бұл дегеніміз келешегіміз рухани жағынан жастарымыз байып келе жатыр деген сөз. Ұлттық құндылықтарға жастардың артып келе жатқандығын көрсетеді, - деді "Қыран" Федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптеке.

Алғашқы кезеңде сайысқа қатысушылар құсты қолға қондыру, шырға тарту сынды өнерлерімен көзге түссе, келесі кезеңге жолдама алған бүркіттер қоян мен түлкіге шапса, қаршыға және ителгілер қолға шақырылып, қырғауылға салынды. 50 бүркітшіден ақтық сынға төртеуі өтті. Оның ішінде Алматы облысының қатысушысы Алмас Сейітжан жеңіске жетті.    

Өте әділ қарсыластардың барлығы жақсы дайындалған. 40 бүркіттің ішінен бірі суырылып шықты. Бұл – осымен үшінші жеңісіміз. Біріншісі Нарынқол жерінде өтті. Екінші орын алдық. Екіншісінде Бурабай қаласында бірінші орын алдық, автокөлік алдық. Үшінші жеңісті Алматы қаласында алып отырмыз, - деді "ҚЫРАН-2019" республикалық турнирінің жеңімпазы Алмас Сейітжан.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері "Қыран" федерациясының атынан медальдармен, мақтау қағаздарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы