Қымбатшылық. Инфляция. Үкімет: Мәселені бір күнде шеше алмаймыз

10 Қараша 2022, 13:25
3945
Бөлісу:
Қымбатшылық. Инфляция. Үкімет: Мәселені бір күнде шеше алмаймыз
Фото: автордан

Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Кешегі өткен Мәжіліс отырысында депутаттар Үкіметтің бағаны ұстап тұра алмағанын сынға алған болатын. Смайылов Сауда комитетінің басшысын отставкаға жіберу мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. 

Бұл мәселені, әрине бұл шара (Комитет басшысын отставкаға жіберу – ред.) шешпейді. Бірақ жұмысында кемшіліктер болғаны үшін біз тиісті шара қолдануымыз керек. Ал жалпы біз Ұлттық банкпен бірлесе отырып, инфляцияға қарсы кешенді жоспарды іске асырудамыз. Бірақ ең алдымен айтатыным, ол әлемдегі орын алып жатқан үрдіс. Әлемде азық-түлік бағасы, энергия тасымалдаушылардың бағасы күрт өсті. Мысалы, Батыс Еуропа мемлекеттерінде инфляция деңгейі 11 пайыздың маңайында. Ал Шығыс Еуропа елдерінде жылдық инфляция 20 пайыз деңгейінде қалыптасып отыр. АҚШ-та 8 пайыздан жоғары және біздің көршілес елдерде де инфляция өте жоғары деңгейде. Сондықтан біз кішкентай ашық экономика болғаннан кейін ішкі жалпы өнімімізге 60 пайызы сыртқы сауда сәйкес келетіндіктен, ол тікелей әсер етеді, - деп атап өтті Премьер-министр Сенат отырысынан кейін кулуарда журналистерге берген сұхбатында. 

Айтуынша, проблеманы шешу үшін уақыт қажет және бірқатар шараларды қабылдау керек. 

Біз бұл проблеманы бір күнде шеше алмаймыз. Тиісті шараларды қабылдауымыз керек. Ол ең бірінші – импортты алмастыру мәселесі. Мысалы, жоспарымызда жақын арада 440 индустриалдық жобаны іске асыру тұр. Соның нәтижесінде импортты 4,4 трлн теңгеге алмастырамыз және экспорттың көлемін 6,4 трлн теңгеге ұлғайтамыз, - деді Әлихан Смайылов. 

Еске сала кетейік, өткен аптада Әлихан Смайылов Сауда және интеграция министрлігіне  Сауда комитетінің төрағасын қызметінен босатуды тапсырған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы