Жамбыл облысында алдағы жылу маусымына керекті қатты отынның жалпы көлемі 221 мың тоннадан асады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірдегі әкімдіктің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбековтың айтуына қарағанда, бұл көмірдің 61 мың тоннаға жуығы бюджеттік ұйымдарға бөлінеді. Қазіргі таңда ол мекемелер 59,6 мың тоннасын, яғни 98 %-ын жеткізіп үлгерген.
«Осы 15 қыркүйекке дейін жоспарланған көмір отынының барлығын жеткізуді қамтамасыз етуге тиіспіз. Өңірдегі тұрғындарға биылдыққа 160 мың тоннадан астам көмір қажет. Бүгінде 95 мың тоннасы жеткізіліп қойды. Бұл жалпы қажеттіліктің 60 %-ын құрайды. Тағы айта кетерлігі, биыл өткен жылға қарағанда көмірге деген сұраныс 30 мың тоннаға жуық немесе 15 %-ға жуық төмендепті. Бұл көрсеткіштің 2021 жылы газ құбырына қосылған 20 ауылдың нәтижесінде қалыптасып отырғанын атап өткен жөн», - деді жауапты маман.
Ол «Қазақстан темір жолы - Жүк тасымалы» АҚ-ның мәліметтерін де алға тартты. Биылғы мамырдан осы уақытқа дейінгі аралықта Жамбыл облысына вагондармен 219 мың тоннаға жақын қатты отын жеткізілген екен. Мұның ішінде, тұрғындар мен бюджеттке бағынысты ұйымдарға 154,6 мың тонна қатты отын түсірілген.
«Аймақта көмір сатумен 28 кәсіпкерлік орталық айналысса, бұлардың 16-сы өңірлік оператор ретінде айқындалған. Барлық кәсіпкерлердің көмір тиейтін тұйықтары керекті шамада қатты отын қабылдап алуға мүмкіндіктері жеткілікті. Бүгінде көмір тұйықтарына 18 мың тоннадай қатты отын түсірілген. Қыркүйек айына берілген тапсырыс көлемі 52,3 мың тоннаны құрайды. Шұбаркөл, Қаражыра кендерінен келген көмірлердің құны сұрыптарына қарай 14-17 мың теңгенің айналасын құрайды. Ал ауылдық-аймақтарға дейінгі арақашықтықтың шығынын ескере есептесек, жеткізу құны 18-22 мың теңгеның шамасына шығады. Бірақ осы сомадан аспайды», - деп түсіндірді Руслан Орынбекұлы.
Оның сөзіне қарағанда өңірдегі Байзақ, Жамбыл, Талас, Мойынқұм аудандары аумағында көмір сатумен айналысатын, теміржол тұйықтары бар нарық субъектілері жоқ. Бұл өңірлердің тұрғындары Тараз және Шу қалаларынан көмір сатып алуға мәжбүр. Осы орайда, елді мекендерге дейінгі арақашықтықты ескере есептесек, транспорттық жеткізу бағасымен көмірдің тоннасы 18-22 мың теңгеден айналады.
«Бүгінде Жамбыл облысы аумағында мүлде көмірге деген тапшылық жоқ. Қыс маусымы кезінде қатты отынның құнына ықпал ететін ең маңызды нәрсе – тұтынушыға көмір сататын кәсіпкерлер мен разрездер арасындағы делдалдардың тым артып кетуі. Әсіресе, қатты отынды арнайы тұйықтан сатып алатын және оны тұтынушыға айтарлықтай үстеме бағамен қайта пұлдайтын ұсақ көтерме көмір сатушылардың пайда болуы бағаның аспандап кетуіне алып келеді», -деді Руслан Мұздыбеков.
Осы ретте, басқарма басшысы облыс тұрғындарынан қыс мезгілінде көмірге тапшылық деректерінің орын алуын болдырмау үшін, көмірді қымбат бағамен сатудың алдын алып, бағаны тұрақтандыру мақсатында көмірді қазірден сатып алуды сұрады.
«Сонымен қатар, көмір сатумен айналысатын өңірлік операторларға айтарым, егер көмірге берген тапсырыстарға байланысты вагондардың жетіспеушілігі, тұрып қалуы, логистика мәселелері бойынша және жергілікті жерде көмір сатуға қатысты қандай да бір мәселе туындаса, біздің басқармаға тікелей хабарласуларыңызға болады. Біз өз тарапымыздан барынша мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайтын боламыз», - деп ескертті әкімдік өкілі.
Жауапты маманның мәліметінше, жергілікті билік «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ-ның филиалымен бірлесе, облысқа тасымалданған көмір вагондарына, жеткізілген көмір тұйықтарына тұрақты мониторинг жүргізеді. Жалпы, көмір тұйықтарындағы қатты отынның жеткізілуі және оның бағасы бақылауға алынған.