Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Мәжіліс депутаттарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Қылмыстық заңның жалпы ережелерін жетілдіру аясында процестік келісім бойынша кінәні мойындау нысанында қылмыстық жауаптылықтан босатуды алып тастау ұсынылады.
Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта процестік келісім 2 нысанда жасалады. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша – күдікті, айыпталушы келтірілген күдікпен, айыптаумен келіскен жағдайда – кінәні мойындау туралы мәміле нысанында. Қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал ету кезінде барлық санаттағы қылмыс бойынша ынтымақтастық туралы келісім нысанында, - деді вице-министр.
Қылмыстық заң процестік келісімнің барлық шартын орындаған адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін екенін белгілейді. Бұл Қылмыстық кодекстің 67-бабында көрсетілген.
Процестік келісім немесе «тергеумен мәміле» кезінде адам кінәні мойындайды, дәлелдемелер мен залалдың мөлшеріне дау айтпайды, тергеу мен сот жеделдетілген тәртіппен жүреді, яғни кінәні дәлелдеу үшін мемлекеттің уақыты мен қаражаты үнемделеді.
Бұл ретте, іс жүзінде кінәні мойындау туралы мәміле міндетті түрде соттың айыптау үкімімен аяқталады және жазаның ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан аспайтын жаза тағайындалады (ҚК 55-бабының 3-бөлігі). Егер сот кінәні мойындау туралы мәмілемен келіспесе, онда ол істі прокурорға әдеттегідей тергеуді ұйымдастыру үшін қайтарады. Осылайша, ҚК-нің 67-бабының ережелері іс жүзінде кінәні мойындау туралы мәмілеге қолданыла алмайды.Осыған байланысты осы баптың қолданылу аясын ынтымақтастық туралы іс жүргізу келісімінің барлық шарттарын орындау жағдайларымен ғана шектеу ұсынылады, - деді Мұқанова.