Құтқарушылар ТЖ кезінде көлікті бұза ала ма? Депутат заңды түсіндірді

Депутат Абзал Құспан құтқарушылар әрекетіне қатысты пікір білдірді.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 10:48
Бүгiн 2026, 10:48
135
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың әрекетіне қатысты пікір білдіріп, заңнамаға өзгеріс енгізудің қажеті жоқ екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазіргі заңдар төтенше жағдайда әрекет ету тәртібін толық реттейді. Атап айтқанда, «Азаматтық қорғаныс туралы» заңға сәйкес, өрт сөндіру қызметкерлері мен ерікті көмек көрсетушілер, егер олардың әрекеті заңды деп танылса, материалдық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар Қылмыстық кодексте де төтенше немесе техногендік қауіптің алдын алу үшін жасалған қажетті әрекеттерге қатысты нормалар қарастырылған.
Соған қарамастан, Абзал Құспан нақты елордада болған оқиғаға тоқталып, құтқарушылардың шешім қабылдауда кідіріс жасағанын меңзеді.

Менің мәліметімше, сол жерде шамамен 20 минут уақыт тек әрекет ету тәсілін анықтауға кеткен. Яғни, нақты қадамға көшу кешіктірілген, - деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Оның пікірінше, мұндай жағдайлар қызметкерлердің құқықтық мүмкіндіктерін толық білмеуінен немесе жауапкершіліктен қауіптенуінен туындауы мүмкін.

Бұл жерде мәселе заңның жетіспеушілігінде емес. Керісінше, қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз болуы ықтимал. Сондықтан ТЖМ басшылығы жеке құраммен қосымша нұсқама жүргізуі қажет. Құтқарушылар мұндай сәттерде батыл әрі жедел әрекет етуі тиіс, - деп атап өтті ол.

Депутат сондай-ақ, егер сот тәжірибесінде құтқарушыларға қатысты даулы шешімдер анықталса, оларды зерделеп, қажет болған жағдайда заңнамаға түзетулер енгізуге дайын екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. Сол сәтте пәтерде отбасы болған.

Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Өрт сөндірушілер қаза болған балалардың анасын құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.

Бұған дейін аталған өрт салдарынан үш баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.

Сондай-ақ, дәрігерлер үш баласынан айырылған ананың жағдайы ауыр екенін айтты.

Одан кейін қайғылы сәттің куәгері болған әйел өрт басталған бетте түн ішінде қалай оянғанын баяндады. 

Сонымен қатар өрт кезінде құтқарушылардың жолын бөгеген жүргізуші жауапқа тартылды. 

Осыған ұқсас тағы бір жағдай кеше, яғни 13 сәуірде орын алды. Астанада көпқабатты үйдің электр қалқаны өртеніп, 3 адам құтқарылды.

Наверх