Құспан: Спорт саласына елімізді басқарған бірінші басшыдан бастап ірі чиновниктерге дейін кіріп алды

1 Ақпан 2024, 17:04
9540
Бөлісу:
Құспан: Спорт саласына елімізді басқарған бірінші басшыдан бастап ірі чиновниктерге дейін кіріп алды
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан спорт саласына қатысты заңды талқылағанда ұсыныс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол өз ұсынысын палаталас әріптестеріне арнады.

Абзал Құспан 180 спорт түрін азайту мәселесін бұған дейін де көтергенін, алайда шешімі табылмағанын айтты. Былтыр Нартай Аралбайұлы осы мәселеге қатысты сауал жолдады, міне енді министрлік заң жобасын әзірлеп, алдымызға әкеліп отыр.

Мен осы заң жобасын әріптестерімізді қолдауға шақырар едім. Неге? Бұл бірнеше жылдан бері қалыптасқан сыбайлас жемқорлықтың көрінісі. Жемқорлыққа спорт саласындағы министрлікті ғана айыптамас едім... Бұл салаға елімізді басқарған бірінші басшыдан бастап ірі чиновниктерге дейін кіріп алды. Әрқайсысы бір-бір федерацияның басшысы болып алды. Нақты мысал айтайын: осыдан 10 шақты жыл бұрын Бельгияның прокуратурасы Винокуровтың (велоспортшы – ред.) үстінен қылмыстың іс қозғады. Қылмыстық іс бірнеше жылға созылып-созылып, кейін жабылып қалды. Неге десек, Қазақстан тарапынан сұраныс болмаған. Ақшаны біз аударып отырмыз, олар Швейцарияда, Бельгияда, Еуропада тұрады. Қазақстанның ақшасын пайдаланады. Үлкен ғимараттарда тұрады, - деді депутат.

Құспан осы қылмыстық іске Қазақстанның сұранысы болмағаннан кейін 2019 жылы Бельгия істі жауып тастағанын айтты. Депутаттың сөзінше, осындай істер көп болған.

Неге соңына жетпегенін айтайын. Мысалы, сол кезде Антикордың басшысы болған Шпекбаев Қазақ күресі федерациясының президенті болып отырды. ҰҚК басшысы болған Мәсімов те бір спорт федерациясын басқарды. Жай шенеуніктер емес, біздің қауіпсіздігімізге жауап беретін, коррупциялық істерді тергеумен айналысатын органдардың бірінші басшыларының бәрі бір-бір спорт федерациясын басқарып отырды. Сол себепті қазір Серік Маратұлына (Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев – ред.) әртүрлі кедергілер болатынын білемін. 2027 жылға дейін 180 спорттың 60-70-і қалады деп отыр. Бірақ бұл кісілердің аяқтарына әлі талай кедергілер болады, - деп айтты Абзал Құспан.

Ол депутаттық корпусқа бастама жасау құқығын пайдаланып, заңды жетілдіруді ұсынды. Құспан Мәжілісте заңның қарсылыққа тап болмауын қамтамасыз етіп, оны жетілдіруге үлес қосуды ұсынды.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы