Құспан: Мақсатымыз – азаматтардың Конституциялық құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін сапалы заң қабылдау

13 Наурыз 2024, 13:08
273
Бөлісу:
Құспан: Мақсатымыз – азаматтардың Конституциялық құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін сапалы заң қабылдау
Фото: автордан

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасы қоғамның жоғары конституциялық құндылықтарын қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтардан қорғауды күшейтеді, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін тиімді іске асыруын қамтамасыз етеді, пенитенциарлық жүйеде адам құқықтарының сақталуын арттырады, - деді депутат.

Оның айтуынша, үш бірдей кодекс, қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық атқару кодекстерін бір заң жобасы аясында оңтайландыруды көздейтін өте ауқымды заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы, 2023 жылдың мамыр айынан бері 24 отырыс, 5 дөңгелек үстел мен конференция, оның ішінде 2-і халықаралық деңгейде және 10-нан астам жұмыс тобының көшпелі отырыстарын өткізді.

Атап айтқанда, Алматы қаласында "Нархоз" университетінде өткен "Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер жаңа конституциялық кеңістікте" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы, Қаржылық мониторинг агенттігі, Әділет министрілігі, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде өткен жиындар барысында отандық және шетелдік қылмыстық құқық саласының ғалымдары мен практик мамандары тарапынан өте маңызды ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері еліміздегі қылмыстық атқару жүйесі мекемелері, яғни түрмелерге барып, арнайы контингент өкілдерімен кездесулер өткізілді, - деді ол.

Құспанның сөзінше, қылмыстық заңнаманы жетілдіруді көздейтін заң жобасының жұмыс тобы аясында, осы салаға қатысты барлық тарап жұмылдырылды.

Тағы бір назар аударатын мәселе - қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ол азаматтардың конституциялық құқықтарына тікелей қатысты болғандықтан, заң жобасы Мәжіліске түскеннен бастап, 2023 жылдың аяғына дейін, негізінен концептуалды тұрғыда ұзақ талқылаулар жүріп, нақты шешімдер барлық тараптың өтініш-тілектерін ескеріп барып қабылданып жатқаны. Өйткені біздің мақсатымыз – азаматтардың Конституциялық құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін сапалы заң қабылдау, - деп түсіндірді депутат Абзал Құспан.

Өзгелердің жаңалығы