Құсайын Сәрсембай: Ақтөбе облысында егіннің 40 пайызы жиналды

20 Қыркүйек 2024, 17:00
494
Бөлісу:
Құсайын Сәрсембай: Ақтөбе облысында егіннің 40 пайызы жиналды
Фото: автордан

Бүгінде Ақтөбе облысында егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ шаруаларды қолдау бағытында жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Біз Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құ­сайын Сәрсембаймен егін жинау науқаны, Президент Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелер жайында сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталып, агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшіру, бөлінген қаражатты тиімді жұмсау мәселелерін көтерді. Сондай-ақ Президент осы салада мәліметтерді бұрмалау шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. Облыста бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Қандай проблемалар бар?

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді көтеріп келеді. Биыл да бұл салаға қатысты біраз шаруа тапсырды. Оның ішінде қайта өңдеу саласын дамыту мәселесін баса айтты. 

Мәселен, ет өнімдерін алсақ, еттің бір келісі 2200-2400 теңгеге сатылса, қайта өңделген өнімдер одан әлдеқайда қымбат бағаға сатылады. Сол себепті осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруымыз керек. 

Ал субсидия мәселесіне келсек, облысымызда «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы шаруаларға несиені 23 пайызбен береді. Шаруалар оның 6 пайызын төлейді, қалғанын біз субсидиялауымыз керек. 

Президент айтқандай, шаруалар несиені 6 пайызбен алуы керек, ал басқа мәселеге бас қатырмауы керек. Бұл — өте дұрыс шешім. Биылдан бастап «Кең дала-2» бағдарламасымен көктемгі егіс жұмыстарына несие берілді. 

Мысалы, Ақтөбе облысына бұл бағытта 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінге дейін ақтөбелік шаруалар соның 1,4 миллиард теңгесін ғана алды. Қалған қаржыны әлі алған жоқ. Бұл несие 5 пайызбен беріледі. Алдағы жылдары «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы берілетін 5-6 пайызбен берілуі керек. Қазір бұл бастаманы Ауыл шаруашылығы министрлігі қарастырып жатыр.

Енді осы саладағы статистика мәселесіне тоқталсақ, биыл Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы санағы басталды. Пилоттық жоба ретінде санақ облыстағы Алға ауданының Алға қаласында, Хромтау ауданының Ақжар ауылдық округінде, Мәртөк ауданының Тәңірберген селолық округінде жүргізілді. Келер жылы мұндай шаралар барлық аудандарда өтетін болады. Санақ өткеннен кейін малдың басы, егістік және жайылымдық жерлер — барлығы нақтыланады. 

Жалпы статистиканың ережесі бойынша ауылдық жерлердегі малдың санын ауылдық әкімдік жүргізеді. Оларда электрондық шаруашылық кітабы бар. Осы кітапқа жылына екі рет жазба түсіріледі. Атап айтсақ, 1 қаңтарда және 1 шілдеде. Яғни жылына екі рет ауылдық жерлерде мал саны мен жер аумағына инвентаризация жасалады. Ал біздің басқарма мен аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімдері мұндай инвентаризация жүргізе алмайды. 

Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында статистика жүргізу мәселесі келер жылы өңірде толығымен шешіледі. Бүгінде біздің облыста 9 мыңнан аса шаруашылық болса, олардың әрқайсысы мал санын, егістік және жайылымдық жер көлемін шынайы әрі ашық түрде көрсетуге тиіс.

Өкінішке қарай, биылдан бастап өңірімізде жемшөпке субсидия берілмейтін болды. Бұл орайда министрлік арнайы қаулы шығарды. Ережеге сәйкес, жемшөпке субсидия облыста қуаңшылық болып, төтенше жағдай режимі жарияланған кезде ғана беріледі. Ал малға берілетін субсидия бірнеше санатқа бөлінеді. 

Мәселен, біріншіден, асылтұқымды ірі қара мен жылқыға, екіншіден, ірі қара мен қойды асылдандырып, селекциялық жұмыстар жүргізгенде беріледі. Үшіншіден, шаруашылықтар сүт өндіргенде субсидия ала алады.

Құсайын Сәрсембай: Ақтөбе облысында егіннің 40 пайызы жиналды

— Облыстағы егін жинау науқаны қалай жүріп жатыр? Бұл бағытта қиындықтар бар ма?

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы басты міндет — егін жинау. Бұл орайда облыс бойынша 403 мың гектарға дәнді дақылдар, 48 мың гектарға майлы дақылдар, 5200 гектарға көкөніс пен картоп, 220 гектардан астам жерге жемшөп егілді. Қазіргі таңда осы өнімнің 40 пайызы жиналды. Биыл ауа райы былтырғыға қарағанда жақсы, ашық болып тұр. 

Былтыр жауын-шашын көп болған еді. Соның кесірінен былтыр егіннің 15-18 пайызын жинай алмай қалдық. Жиналған егіннің сапасы 5-класқа дейін төмендеп кетті. Жемнен басқа ештеңе жарамай қалды. Биыл жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Дәнді дақылдарды гектарына 12,6 центнерден алып жатырмыз. Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарында егін жақсы жиналып жатыр. Ал биыл Әйтеке би ауданы егін жинау жұмыстарын кеш бастады. 

Жалпы, бұл ауданда облыстағы дәнді дақылдардың 25 пайызы егіледі. Негізі Әйтеке би ауданында ауа райы басқа аудандарға қарағанда бөлектеу. Себебі бұл аудан облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, сол үшін мұнда егін жұмыстары кеш басталып, кеш аяқталады. 

Жалпы, биыл жоспарға сәйкес 500 мың тоннадан астам дәнді дақыл жинаймыз деп отырмыз. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Биыл Үкіметтің тапсырмасына сәйкес облыс бойынша тыңайтқыш енгізу жұмыстары қолға алынды. Жоспарға сәйкес биыл жыл аяғына дейін 27 мың тонна тыңайтқыш енгізуіміз керек. 

Қазіргі таңда 20 мың тонна тыңайтқыш енгізілді, қалған 7 тоннасы күзде егін жинап болған соң енгізіледі. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Бұл жерде бізге қойылып отырған талап — жердің өнімділігін арттыру. Алдағы уақытта біз астық өнімдерін гектарына 6-8 центнерден емес, 15-16 центнерден алуымыз керек.

Сондай-ақ қазіргі таңда өңірімізде 15 егін кептіретін кептіргіш бар. Алдағы уақытта тағы 4-5 кептіргіш сатып алынады. Биыл егінді орып алу, кептіруге мүмкіндік мол. Бұл мақсатқа 7400 тонна жанар-жағармай қарастырылды. Қазір соның 4 мың тоннасын қыркүйек айында тасып алып жатырмыз. Қалған 3400 тонна жанар-жағармай қазан айында тасылады. Одан бөлек, бұрыннан қалған өзімізде 6200 тонна жанармай қоры бар. Оны бүгінде мал азығын дайындауға, кептіргіштерге, элеваторларға беріп жатырмыз.

Ал астықты экспорттауға келсек, облыстағы шаруашылықтар дәнді дақылдарды трейлерлік компаниялар арқылы экспорттайды. Жыл сайын осы компаниялар арқылы жергілікті өнімдер Ауғанстанға, Иранға, Өзбекстанға, Түркияға экспортталады. Жыл сайын облыста 100 мың тонна дәнді дақылдарды экспорттап келеміз. Тек былтыр өнім көлемі аз болды.

Құсайын Сәрсембай: Ақтөбе облысында егіннің 40 пайызы жиналды

— Ақтөбе облысында егін егумен айналысатын қанша шаруашылық бар? Олардың саны артып жатыр ма?

Бұл бағытта шаруашылықтар саны кеміп те, артып та жатқан жоқ. Қалыпты жұмыс істеп, егінмен айналысып жатқан шаруашылықтар көп.

Бүгінде Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы көлемі — 25 миллион 600 мың гектар. Оның 23 миллион гектары жайылым болса, 1 миллион 200 мың гектары — егістік және бос жатқан жерлер. Қазір біз 700 мың гектар жерді пайдаланып отырмыз. Әлде де шаруашылықтар бос жатқан жерлерді алып, егін егетін болса, онда құба-құп. Жалпы жерлер жұмыс істейтін шаруаларға кезегімен беріліп жатыр. 

Соңғы жылдары пайдаланбай жатқан жерлерді қайтарып алып жатырмыз. Мәселен, биыл облыс бойынша 171 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жалпы, егістік алқаптар шаруашылықтарға конкурс арқылы беріледі.

Бір айта кететін жайт, өңірімізде жайылымдық жерлерді бөлуде мәселелер туындап жатады. Себебі шаруалардың көбі жайылымдық жерлерді облыс орталығына жақын аудандардан алғысы келеді. Мысалы, облыстағы 23 миллион гектар жердің 12 миллион гектары — Байғанин және Шалқар ауданында. 

Ал шаруалар алыс аудандарға барғысы келмейді. Жергілікті тұрғындар болмаса, бұл аймақтарда басқа аудандардан барып егін егу, шаруашылық жүргізетіндер санаулы ғана. 

Ал облыс орталығына жақын орналасқан Мәртөк, Алға, Қарғалы аудандарында жайылымдық жерлер тапшы. Сол себептен жайылымдық жерлерді алуда мәселе болатыны рас.

— Биыл өңірде су тасқыны болып, тұрғындар мен шаруа қожалықтары шығынға ұшырады. Жалпы, аудандарда қанша мал шығыны болды?

Өкінішке қарай, биыл облыстағы бірнеше ауданда су тасқыны болып, мал шығыны тіркелді. Бүгінге дейін облыс бойынша тасқын кезінде өлген 4664 бас малға бюджеттен өтемақы төленді. Оның ішінде мал шығыны Ойыл және Ырғыз аудандарында көп тіркелген болатын. Қазір бұл мәселе толығымен шешілді, ешқандай проблема жоқ.

— Облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына тоқталсаңыз. Биыл қанша қаржы бөлінді? Қанша жобаға несие берілді?

 Биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Ақтөбе облысына 8,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Қазір бұл қаржыға жобаларды мақұлдап болдық. Тек кейбір құжаттарды тіркеу жұмыстары ғана қалды. Бүгінде облыс тұрғындарына 6,5 миллиард теңге қаржы көлемінде несие берілді. Ал қалған 2 миллиард теңгесі осы айдың аяғына дейін берілетін болады.

Жалпы, жобаға бөлінген қаржыға тоқталсақ, 2022-2023 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына облыс бойынша 6,5 миллиард теңге, 2023 жылдың аяғында тағы 12,5 миллиард теңге бөлінді. Біз бұл қаржыны толығымен игере алмайтынымызды түсініп, 4 миллиард теңгесін Үкіметке қайтардық. 

Ережеге сәйкес, бөлінген қаржыны бір жыл ішінде игеруіміз керек. Егер игерілмеген жағдайда бізге айыппұл салынады. Сондықтан артық қаражат мемлекетке қайтарылды.

Биыл бұл жобаны жүзеге асыруда өңірде мал шаруашылығын дамытуға мән беріліп отыр. Бұған дейін несие бизнес, дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамытуға берілген болатын.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Ақтөбе облысында жалпы саны 1425 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 917 жобаға несие берілсе, 319 жобаға несие беру мақұлданды. Жыл аяғына дейін барлық жобаға несие беріліп, бұл бағыттағы жұмыстар қорытындыланады.

Құсайын Сәрсембай: Ақтөбе облысында егіннің 40 пайызы жиналды

— «Ауыл аманаты» жобасы аясында елімізде алғаш рет Ақтөбе облысында тұрғындарға тауарлық несие беру тетігі жүзеге асырылғаны белгілі. Алдағы уақытта бұл механизм басқа өңірлерге таратылмақ. Осы бағытта облыс қандай жетістіктерге қол жеткізді?

«Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлық несие беру тетігі біздің облысымызда алғаш болып жүзеге асырылды. Бұл несиенің ауыл халқына пайдасы зор. Себебі қазір ауылдық жерлерде несие алу үшін кепілдік қоюға мүмкіндігі жоқ адамдар көп. Осы азаматтарға тауарлық несие алу өте тиімді. 

Мәселен, қарапайым тұрғын мен шаруашылық өзара келісімшарт жасасады. Сосын тұрғын 5 немесе 7 жыл ішінде алған несиесін малдың төлі есебінен шаруашылыққа қайтарады. 

Одан бөлек, малдан алған өнімін сатып, қосымша табыс табады. Бұл орайда бүгінге дейін жоба аясында өңірде 5 мыңға жуық мал берілді. Олардың қатарында ірі қара, жылқы және түйе бар.

— Биыл облысқа жаңа техникалар алынды ма? Ауылдық жерлерде техникаға тапшылық бар ма?

Бүгінде өңірімізде ауыл шаруашылық техникаларының саны жеткілікті. Қазір жыл сайын ескіргендерін жаңасына ауыстырып жатырмыз. Бұл бағытта шаруашылықтар өз қаржысына да, лизингке де жаңа техникалар сатып алуда. 

Жалпы, биыл өңірімізге 345 трактор сатып алу жоспарланса, бүгінге дейін соның 270-ге жуығы сатып алынды. Негізі биыл облыста ауыл шаруашылығы техникаларын 6,1 пайызға жаңартуымыз керек. Қазіргі таңда оның 4,5 пайызы орындалды.

Жаңа заманға сай, соңғы үлгідегі техникаларды сатып алуда бүгінде Қарғалы ауданындағы «Дилэнд», Мәртөк ауданындағы «Родники Агро», Хромтау ауданында «Ақжар Агро» компаниялары көш бастап тұр. Бұл шаруашылықтар жыл сайын техникаларын жаңартып отырады. 

Мәселен, жуырда «Родники Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Канададан екі комбайн әкелді. Жолда америкалық төрт комбайн «келе жатыр». Қазір бір комбайнның бағасы шамамен 60-100 миллион теңге тұрады.

— Қазір ауылдық жерлерде малшы, сауыншы, диқан сияқты мамандар тапшы. Бұл мәселе облыста қалай шешіліп жатыр?

Қазір облысымызда ауыл шаруашылығы мамандары Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде даярланады. Сондай-ақ Сақтаған

Бәйішев атындағы университетте «ветеринар» мамандығы бар. Осы оқу орындарын бітірген жас мамандар аудандарға барып еңбек етуде. Дегенмен ауылдық жерлерде жастар өте аз екенін мойындауымыз керек.

Жалпы, маман жоқ деуге болмайды, мамандар бар. Тек оларға заңды түрде жоғары жалақы төленуі керек. Ол үшін шаруашылықта мал саны көп болуға тиіс. Мәселен, ауылда 100 сиыр ұстап, малшы жалдауға болмайды. Мал саны көп болса ғана малшыға жалақы бере аласыз. 

Сондай-ақ малшының зейнетақы жарнасына қаржы аударылуы керек. Бүгінде біздің өңірде малшысы да, механизаторы да, сауыншысы да жеткілікті шаруашылықтар бар. Тек кей жағдайларда қожалық басшылары ұйымдастыру жұмыстарын және жалақы мәселесін шешпей, шағымданып жатады.

Мал бағу — өте қиын жұмыс. Малды күндіз-түні соңында жүріп, бағу керек. Егер бейнетіне көнбесең, тәулік бойы еңбектенбесең, ісің де өнбейді, пайдасын да көрмейсің. Сондықтан шаруа қожалықтары басшыларына айтарым, жақсы малшы, диқан, механизатор тапқың келсе, жоғары жалақы беруің керек. Сондай-ақ оларға жайлы жағдай жасау қажет.

— Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы