Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде құс тұмауына байланысты жойылған құстарға төленетін өтемақының орташа көлемі анықталды. Орташа есеппен бір басқа 6,5 мың теңге төленеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта тұрғындар құжаттарын түгендеуде.
Облыстың бас санитарлық-ветеринарлық инспекторы Рашид Нұрбековтің хабарлауынша, соңғы күндері аймақта үй құстарының өлімі тіркелген жоқ.
Осы күнге дейін құс тұмауынан үш мыңнан астамы аурудан өлді. Құстардың өлім деректерінің тіркелуі тоғыз күн бұрын тоқтады. Осы күнге дейін 30 мыңға жуық бас ұсталып, жойылды. Бұл жұмыстар ауру тараған төрт ошақта аяқталды. Мал дәрігерлері тиісті шараларды Железин ауданының Ақтау, Жаңа Жұлдыз, Тереңкөл ауданының Трофимовка, Ертіс ауданының Ағашорын ауылдарында аяқтап үлгерді. Қазіргі уақытта індет тіркелген Баянауыл, Ақтоғай және Железин аудандарының елді мекендеріндегі үй құстары жиналып, өртенуде, - дейді Рашид Нұрбеков.
Аймақта құстарға екпе салу жұмыстары жалғасын табуда. Бас-аяғы 530 мыңнан астам вакцина дозасы бөлінген. Осы күнге дейін 300-ден астам қанаттыға екпе салынды. Екпе жұмыстары облыстың 282 елді мекенінде жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, статистикалық мәліметтер жиналған соң тұрғындарға өтемақы беріле бастайды.