Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Құрылтай құрамында өңірлердің өкілдігі қалай сақталатыны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, партиялар әр аймақта көбірек дауыс жинауға мүдделі болғандықтан, өңірлердегі танымал әрі белсенді азаматтарды партиялық тізімге енгізуге тырысады.
Әр партия өзіне көбірек әр аймақтан дауыс жинауға мүдделі ғой. Сондықтан өңірлердегі танымал адамдарды, белсенді азаматтарды партиялық тізімге қосуға мүдделі болады, – деді ол.
Мәжілісменнің пікірінше, белгілі бір облыста партия жоғары нәтиже көрсетсе, сол өңірден шыққан кандидаттарға басымдық беру мәселесін қарастыруға болады.
Мысалы, белгілі бір облыста партия көбірек дауыс алса, сол облыстың депутатына немесе кандидатына басымдық беру керек сияқты. Бірақ бұл енді болашақта партиялар туралы заңда көрсетілуі мүмкін, – деді депутат.
Сонымен қатар ол әр партия өзіне қажетті кандидаттарды таңдауға құқылы екенін атап өтті.
Партиялар “мына азаматтар бізге керек, мыналар заңды жақсы жазады, мынау танымал” деп өздері шешеді, – деді мәжілісмен.
Депутаттың сөзінше, қазіргі заң жобасында азаматтардың Құрылтай мүшелеріне тікелей сұрақ қою мүмкіндігі қарастырылмаған.
Еске сала кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.