Бүгін – тарихы сан ғасырға бойлаған, Әз-Наурыздың бастауы саналатын Амал күні. Ертең – ел тарихында қайта жаңғырып, соңғы үш жылда қолға алынған Ұлттық құрылтай отырысы. Халқымыздың дәстүрі мен мәдениеті, саясаты мен әлеуметі үйлескен осындай айтулы оқиға орай BAQ.KZ тілшісі құрылтай аясында атқарылған істерге тоқталып, болашақ идеяларға шолу жасап көрді.
Алғашқының жүгі ауыр...
Тәуелсіздік тарихындағы алғашқы Ұлттық құрылтай 2022 жылы 16 маусымда Ұлытауда өткен еді. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелерді айтып, тың ойларды ортаға салған болатын.
Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды, - деген еді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтай құрамында 117 адам бар. Оған барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері кіреді. Құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шақырылды. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де шет қалған жоқ. Құрылтай құрамына өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері де қосылды.
Жалпы Ұлттық құрылтайдың басты міндеттері - қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу, жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету және өз құзыреті аясында Қазақстан заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру.
Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бірақ, бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Отырыстарды мұқият ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуге тиіс. Кез келген адамды Құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек. Бұл ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына кәміл сенемін, - деді Тоқаев.
Жалпы құрылтайдың алғашқы отырысында жалпыұлттық бірлікті нығайту, реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру және жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Біз, ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Халықтың болмысын және қоғамдық сананы жаңғыртпай, түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес, - деп түсіндірді сол кезде Тоқаев.
Жалпы құрылтайдың алғашқы отырысында ел тарихы, саяси реформалар, қазақ тілі сияқты қоғам мен әлеуметтің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Алғашқы жиын туралы біздің мына жердегі шолуымыздан танысуға болады.
Киелі Түркістандағы құрылтай
Ұлттық құрылтайдың екінші отырсы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбы аясында өтті. Киелі Түркістандағы басқосуда ауқымды саяси жаңғыру жоспары туралы айтылды.
Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік. Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек, - деп сөз бастады Тоқаев.
Шежірелі шаһарда өткен мәнді жиын осы жолы 8 бағытты қамтыды. Президент келесі мәселелерге ерекше тоқталды:
- Мемлекеттік нышандарды жетілдіру
- Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту
- Мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу
- Өскелең ұрпақтың тәрбиесі
- Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту
- Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу
- Шекаралас аймақтарды дамыту
- Мемлекеттік аппараттың жұмысын жетілдіру.
Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз, - деді Президент.
Оның айтуынша, Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады.
Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс, - деді Тоқаев.
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы туралы материалымызды мына жерден оқуға болады.
Атыраудағы алқалы жиын
Ұлытаудан басталып, Түркістанда табан тіреген Ұлттық құрылтай ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ Атырау облысына да жетті.
Мемлекет тарихы институты бөлімінің жетекшісі Еркебұлан Аманғосовтың айтуынша, Ұлттық құрылтай – бұл қоғам мен мемлекет арасын біріктіретін, қоғамның бірлігі мен тұтастығын нығайту үшін идеялар мен адамдарды жинақтап, әзірлейтін платформа.
Алдағы Атырау қаласында өтетін құрылтай секцияларға бөлінеді. Дәлірек айтқанда, 4 секция жұмыс істейді. Бұл секцияларда айтылған ұсыныстар мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешімін табады. Президент қаңтар айында Егемен Қазақстанға берген сұқбатында белгілі бір конструкция құрып берді. Яғни жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметке тапсырма берсе, енді Ұлттық Құрылтай аясында қоғамның өзінен туындап отырған сұраныстарды, мәселелерді қорытып, талқылап, оң шешімін беріп жатқанын байқап отырмыз, - дейді сарапшы.
Ал Ұлттық сарапшы-демограф Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, құрылтай - идеологиялық жұмыстың қазынасы.
Осы тұста Ұлттық құрылтай аясында әртүрлі бағыттағы жиындар өтті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева креативті индустрия туралы айтса, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев отандық ғылымның жағдайына тоқталды.
Атақты хандарымыз ордасын тіккен аймақта қандай өзекті мәселелер көтерілуі мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы әрі саясаттанушы Риззат Тасымды жауап берді.