- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Құрылтай сайлауы: жаңа саяси кезеңге дайындық қалай жүріп жатыр?
Құрылтай сайлауы: жаңа саяси кезеңге дайындық қалай жүріп жатыр?
Жаңа Конституциядан кейінгі алғашқы сайлау науқанына әзірлік басталды.
Бүгiн 2026, 17:05
Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық басталды. 23 тамызға белгіленген саяси науқан аясында Орталық сайлау комиссиясы негізгі күнтізбелік жоспарды бекітіп, партиялар сайлауалды дайындыққа кірісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалды. Құжатта Орталық сайлау комиссиясына сайлауға дайындық пен оны өткізуді ұйымдастыру, ал Үкімет пен әкімдіктерге ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараны қабылдау тапсырылған.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 1 шілдеде Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясындағы алғашқы отырыс өтті. Жиын жаңа Конституция күшіне енген күні ұйымдастырылды. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров бұл сайлау жаңа конституциялық жағдайда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы екенін атап өтті.
Оның айтуынша, басты міндет – сайлауды заң талаптарына сай, ашық, жария әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу және сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасау.
ОСК отырысында Құрылтай депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізудің негізгі іс-шаралар күнтізбесі бекітілді. Бұл құжат партиялық тізімдерді ұсыну мен тіркеу тәртібін, сайлауалды үгіт жүргізу мерзімдерін және сайлау науқанының өзге де негізгі кезеңдерін айқындайды. Сонымен қатар сайлау барысында қолданылатын құжаттардың 21 нысаны бекітілді.
Ресми дерек бойынша, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Сайлаушылар тізіліміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 561 644 азамат енгізілген. Ел бойынша 10 427 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 64 мемлекетте 82 шетелдік сайлау учаскесі ашылады.
Сайлаушылар тізімдері учаскелік сайлау комиссияларына 2 тамызға дейін беріледі. Азаматтар өз деректерін 7 тамыздан бастап тексере алады. Есептен шығару куәліктерін беру де 7 тамызда басталып, 22 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады.
Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын бір палаталы жоғары өкілді орган ретінде айқындалды. Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды сайлау жүйесі негізінде сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
ОСК мәліметінше, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу үшін жеті саяси партия жіберілді. Олар – «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан халық партиясы және Respublica партиясы.
Партиялық тізімдерге де заңмен нақты талаптар қойылған. ОСК мәліметінше, партиялық тізімге енгізілген әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі кандидаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.
Сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттарға қойылатын шектеулер де бар. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысын немесе құқық бұзушылығын жасағаны үшін сот кінәлі деп таныған азамат кандидат бола алмайды.
Сайлауалды үгіт партиялық тізімдер тіркелгеннен кейін басталады. Белгіленген мерзім басталғанға дейін, тыныштық күні және дауыс беру күні үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынады.
Сайлау комиссияларының дайындығына да ерекше мән беріліп отыр. ОСК Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу үшін көпдеңгейлі электоралдық оқыту жүйесін іске қосады. Бұл жұмыс аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесін қамтиды.
Партиялар сайлауалды дайындыққа кірісті
Құрылтай сайлауы қарсаңында саяси партиялар да ұйымдық және сайлауалды дайындықты бастады. 2026 жылғы 5 шілдедегі жағдай бойынша бірнеше партия съезд өткізіп, алдағы саяси науқанға қатысты шешімдер қабылдады.
Маусым айында AMANAT партиясының XXVI съезі өтті. Жиында партияның «Әділет» партиясына қосылуы туралы бастама қолдау тапты. Кейін «Әділет» партиясының II съезінде AMANAT-тың қосылуы ресми түрде мақұлданды. Съезге қатысқан 613 делегат бұл шешімді бірауыздан қолдады.
«Әділет» партиясының II съезінде ұйымның өңірлік құрылымдарын қалыптастыру мәселесі де қаралды. Делегаттар партия филиалдарын Қазақстанның барлық өңірінде құру және есептік тіркеуден өткізу туралы шешім қабылдады.
4 шілдеде Астанада Respublica партиясының кезектен тыс V съезі өтті. Жиында партияның сайлауалды науқанға қатысты негізгі шешімдері қабылданып, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Партия мәліметінше, тізімге 76 адам енгізілген. Олардың қатарында кәсіпкерлер, білім, медицина, өнеркәсіп, IT және басқа да салалардың өкілдері бар.
5 шілдеде Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды съезі өтті. Жиынға партия басшылығы, Саяси кеңес мүшелері, өңірлерден келген 200-ден астам делегат, депутаттар, жастар қанаты және кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері қатысты.
Съезде партияның Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу мәселесі қаралып, «Өзгерістер қажет» атты сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Сонымен қатар Құрылтай депутаттығына ұсынылатын 63 кандидаттан тұратын партиялық тізім мақұлданды.
Осылайша, Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық жағдайда өтетін алғашқы ірі саяси науқан болмақ.
Ең оқылған:
- 2026 жылғы әлем чемпионаты: 1/8 финалдың барлық жұбы белгілі болды
- Жерде биылғы ең күшті магнит дауылдарының бірі басталды
- БҰҰ: Нигерияда 17 миллионнан астам адам аштық қаупінде
- Жағажайларда полиция тексерісі күшейді: демалушылар қандай жағдайда жауапқа тартылады?
- Ақтаулық жетім бала 15 жыл күткен тұрғын үй кезегінен айырылып қалған
Олжас АДАЙ