Әр спикерге 2 минут 30 секундтан уақыт берілді. Қатысушылар белгіленген уақыт ішінде партияларының негізгі бағыттарын қазақ және орыс тілдерінде таныстырып, қарсыластарының бағдарламаларына қатысты пікір білдірді.
«Ақ жол» партиясының өкілі Бек-Мұхамед Жәукебаев жастарды қолдау мәселесіне тоқталып, өзінің несие төлеп жүргенін мысал ретінде келтірді. Ал партияның екінші спикері Ермек Әбілдин Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бизнеске қатысты саясатын сынға алды.
ЖСДП өкілі Лариса Ли Қазақстан Халық партиясының саяси ұстанымдарын сынап, оның өкілдерін көп жылдан бері «сөзуарлықпен» айналысып келеді деп бағалады.
«Әділет» партиясының өкілі Мәди Мырзағараев партия ұстанымдарының Конституцияның жаңа редакциясындағы бағыттармен үндесетінін айтты. Айжан Аймағанова кез келген саяси бастама халықтың қолдауынсыз нәтиже бермейтінін атап өтті.
Қазақстан Халық партиясының өкілі Ирина Смирнова Құрылтай сайлауына қатысатын өзге партиялардың әлсіз тұстарына тоқталды.
«Ауыл» партиясының өкілі Ерболат Саурықов ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту партия бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі екенін айтты. Жазира Сұлтанқұлова ЖСДП-ның ұстанымдарын сынап, Қазақстан Халық партиясының бағдарламасындағы кейбір ұрандарға баға берді.
«Байтақ» партиясының өкілі Амалбек Өміртай экология саласында анықталған заң бұзушылықтарға тоқталып, оларды жүйелі түрде шешу жолдарын ұсынды.
Ал Respublica партиясының өкілі Олжас Құспеков қарсылас партияларды сынап, «ескі партиялардың дәурені өтті» деген пікір білдірді.
Дебат барысында кейбір спикерлер берілген уақытты толық пайдаланып үлгерсе, енді біреулері ойын белгіленген уақытқа сыйғызуға тырысты. Партия өкілдерін қолдауға келген жақтастары да белсенділік танытып, спикерлердің сәтті сөздерін қошеметпен қолдады.
Командалық теледебаттың негізгі тақырыбы – «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі».
Пікірсайысқа қатысатын партия өкілдерінің сөз сөйлеу реті бұған дейін «Jibek Joly» телеарнасының тікелей эфирінде өткен жеребе арқылы анықталған болатын.
Теледебатты «Jibek Joly» телеарнасынан бөлек, Jibek Joly TV және резервтік Jibek Joly News YouTube арналары да көрсетіп жатыр. Көрермендер партия өкілдеріне сұрақтарын экранда көрсетілген WhatsApp нөмірі арқылы жолдай алады.