Құрылтай сайлауына қатысатын партия өкілдері командалық теледебатта заң үстемдігі, азаматтардың құқығы, сыбайлас жемқорлықпен күрес және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша ұсыныстарын айтты.
«Әділет» партиясы: Ескіні қайталауға келгеніміз жоқ, жаңаны қалыптастыруға келдік
«Әділет» партиясының өкілі Мәди Мырзағараев заң талаптары барлық азаматқа бірдей қолданылуы керек екенін айтты. Партия қолданыстағы заңдарға ревизия жасап, оларды Конституция талаптарына сәйкестендіруді ұсынады.
«Ақ жол» партиясы либералды жолды таңдайды
«Ақ жол» өкілі Ермек Әбілдин партияның либералды бағытты ұстанатынын атап өтті. Ол сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарға жауапкершілікті күшейту, салық төлеушінің адалдығы презумпциясын енгізу және шағын бизнестің мүддесін қорғау ұсыныстарын айтты.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық бердік – ЖСДП
ЖСДП өкілі Нұрайнаш Камалова сот тәуелсіздігін күшейту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажеттігін атап өтті. Партия сөз бостандығын қамтамасыз етуді және бейбіт жиындарға мүмкіндік беруді ұсынады.
Саяси ұйым қарапайым адамның, адал кәсіпкердің жағында – «Respublica»
Respublica өкілі Олжас Құспеков партияның мақсатын «бай-қуатты азамат – жауапты қоғам, тиімді мемлекет – қауіпсіз ел» қағидатымен байланыстырды. Оның айтуынша, саяси ұйым қарапайым азамат пен адал кәсіпкердің мүддесін қорғайды.
«Байтақ» ел дамуының төрт қағидасын атады
«Байтақ» өкілі Амалбек Өміртай даму тек экономикалық өсіммен өлшенбеуі керек екенін айтты. Оның пікірінше, халықтың табысы мен өмір сапасы да артуы қажет. Сонымен қатар ірі өндіріс орындарының табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту ұсынылды.
Ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндігі бір ме? – «Ауыл» партиясы
«Ауыл» партиясының өкілі Ерболат Саурықов ауыл мен қала тұрғындарының білім, медицина және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін теңестіру мәселесін көтерді. Партия фермерлерге қолдау көрсету үшін «Ауыл көмегі» кеңес беру орталықтарын құруды ұсынады.
ҚХП партиясы заң мен тәртіпке сүйенуді ұсынды
Қазақстанның халық партиясы өкілі Ирина Смирнова заңдар қоғамдағы өзекті мәселелерге жауап беруі керек екенін айтты. Партия заң талаптарын сақтау мен қоғамдық тәртіпті тұрақты қоғамның негізгі шарттарының бірі деп санайды. Смирнова сондай-ақ өзге партиялардың жекелеген бастамаларына сын айтты.