Астанада Құрылтай депутаттарының сайлауына қоғамдық байқау жүргізуге дайындық мәселелеріне арналған «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының брифингі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Коалиция өкілдері қоғамдық байқаушыларды даярлау жұмыстарының аяқталуға жақын екенін және 23 тамыздағы дауыс беру күні республика бойынша 20 мыңға жуық қоғамдық байқаушы жұмыс істейтінін мәлімдеді.
«ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, қоғамдық байқау жұмыстары 23 шілдеден бастап практикалық кезеңге өткен.
Біздің басты мақсатымыз – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәуелсіз, объективті және кәсіби қоғамдық байқауды қамтамасыз ету. Біз ешбір кандидаттың немесе саяси ұйымның мүддесін білдірмейміз. Міндетіміз – заң талаптарының сақталуын бақылап, сайлау рәсімдерінің ашықтығы мен заңдылығына қоғамдық бақылау жүргізу, – деді ол.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде шалғай аудандарда 10 мыңға жуық қоғамдық байқаушы арнайы даярлықтан өткен. Ал 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы күні республика бойынша 20 мыңға жуық қоғамдық байқаушы сайлау учаскелерінде қоғамдық бақылау жүргізеді.
Коалиция қоғамдық байқаушыларды даярлаудың бірыңғай стандартын енгізген. Оның құрамына оқу материалдары, сайлау учаскесіндегі жұмыс алгоритмдері, ақпаратты тіркеу тәртібі және сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл қағидалары енгізілген.
Сонымен қатар коалиция өкілдері саяси партиялармен және ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Сайлауды байқау миссиясымен кездесулер өткізген. Дауыс беру күні республикалық ситуациялық орталық жұмысын бастап, өңірлерден келіп түсетін ақпаратты нақты уақыт режимінде қабылдап, талдайды.
Коалиция мәліметінше, байқаушылардың қатарында түрлі сала өкілдері бар. Олардың қатарында қызмет көрсету саласының мамандары (22%), заңгерлер (15%), кәсіпкерлер, инженерлер мен дәрігерлер (әрқайсысы 10%), мұғалімдер (8%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (7%) және өзге сала өкілдері (18%) бар.
Сонымен қатар қоғамдық байқаушылардың 67%-ының соңғы үш жылда байқау тәжірибесі бар. Байқаушылардың 60%-ы ірі қалаларда, 30%-ы аудан орталықтарында, 10%-ы ауылдық жерлерде тұрады.
Еске сала кетейік, азаматтар мен БАҚ өкілдеріне арналған +7 707 940 21 71 нөмірі бойынша коалицияның жедел желісі жұмысын жалғастырып жатыр.