Құрылтай баламалы энергетиканы дамыту мәселелері бойынша заң жобасын қарайды

Баламалы энергетиканы дамытуға қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралады.

 Құрылтай 6 Қараша 2026, 22:38
6 Қараша 2026, 22:38
201
Фото: Құрылтай

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы Құрылтай отырысының күн тәртібі айқындалып, ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.

Депутаттар Жоғары аудиторлық палата Төрағасы Әлихан Смайыловтың ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуы және жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті аударымдары есебінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетігінің тиімділігіне жүргізілген аудит есебін тыңдайды.

Баламалы энергетиканы дамытуға қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралады. Құжат электр энергиясын жинақтау жүйелерін бірыңғай электр энергетикалық жүйеге қосудың құқықтық негіздерін қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ бизнес субъектілері арасындағы келісімдер жасасу тетігін жетілдіру, жел, күн және геотермалдық энергияны пайдалану, баламалы энергетика технологияларын жылумен жабдықтау саласына енгізу мәселелері қамтылған.

Құрылтай отырысының күн тәртібіне Халықаралық жүк тасымалдау шарты туралы конвенцияны және оған электрондық жүкқұжатқа қатысты Қосымша хаттаманы ратификациялау туралы екі заң жобасы да енгізілді. Құжаттар халықаралық жүк тасымалдаудың бірыңғай қағидаларын белгілеп, электрондық құжат айналымын енгізудің құқықтық негізін қалыптастырады. Бұл жүк тасымалдау рәсімдерін бақылау уақытын қысқартуға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Бюро отырысында Құрылтай депутаттарының заңдарға мониторинг жүргізу қағидалары да қаралды.

Сонымен қатар Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқылмысқа қарсы конвенциясы бойынша қорытынды әзірлеу тапсырылды. Құжат ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ мемлекеттердің осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.

Наверх