Биыл Құрбан айт мейрамына орай қазақстандықтар 3 күн демалады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2025 жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні 6 маусым, жұмаға түсіп тұр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен діни мерекелер кестесіне сәйкес, Құрбан айт үш күн бойы – 6, 7 және 8 маусым аралығында аталып өтеді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 84-бабына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні – 6 маусым (жұма) – барлық еңбек режиміне қарамастан ресми түрде демалыс күні болып саналады.
Осылайша, маусым айында қазақстандықтар жұмыс аптасының түріне қарай келесі тәртіппен демалады:
Бес күндік жұмыс аптасы бар қызметкерлер үшін: 6, 7 және 8 маусым – үш күн қатарынан демалыс.
Алты күндік жұмыс аптасы барлар үшін: 6 және 8 маусым – демалыс күндері, ал 7 маусым – жұмыс күні.
Мереке күндері халық Құрбан айт намазына жиналып, құрбан шалып, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Бұл күн – рухани бірлік пен қайырымдылықты дәріптейтін маңызды діни мейрам.