Құранбек Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы өкілімен кездесті

12 Сәуір 2023, 18:46
1126
Бөлісу:
Құранбек Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы өкілімен кездесті
PHOTO
Фото: МСМ баспасөз қызметі

Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының (WEC) Бас хатшысы Абдухалимбей Акынджымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

МСМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тараптар Қазақстанның WEC-пен өзара іс-қимылы және еліміз 2024 жылы қабылдайтын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Түркия мен Қазақстан арасындағы спорттық ынтымақтастық туралы да сөз қозғалды.

Кездесуге Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Сәлжанов, МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов және «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры Бақдәулет Сәбитов қатысты.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру мәселесіне біз өте үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Қазіргі уақытта біз барлық қолжетімді нұсқаларды зерттеп жатырмыз және осындай ауқымды оқиғаны қабылдауға қабілетті нысандарды мұқият қарастырамыз. Мемлекет басшысы іс-шараны ең жоғары деңгейде өткізуді тапсырды және бұл бағыттағы жұмыс өте белсенді жүріп жатыр. Әрине, Қазақстан WEC-пен ынтымақтастықты құптайды, өйткені біз алдағы ойындарды жоғары халықаралық талаптарға сай өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.

Құранбек Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы өкілімен кездесті

Абдухалимбей Акынджы өз кезегінде еліміздің этноспортты дамытудағы жұмысын атап өтіп, Түркиядағы жер сілкінісі кезіндегі көмегі үшін Қазақстан халқына алғысын білдірді.

Қазақстан - ұлттық спорт түрлеріне үлкен көңіл бөлетін елдердің бірі, бұл, әрине, бізді қуантады. Этноспортты белсенді қолдайтын мемлекеттер көп емес. Қазақстанның алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізетініне күмәнім жоқ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен Түркиядағы жер сілкінісі кезінде көрсеткен қолдауы, қамқорлығы және көмегі үшін Қазақстан халқына алғысымды білдіргім келеді. Бұл біз үшін көп нәрсені білдіреді, — деді Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының Бас хатшысы.

Өзгелердің жаңалығы