Қазақстанда мұғалімдер әлі күнге дейін сенбілікке, рейдке, мерекелік шараларға мәжбүрлі түрде тартылып келеді. Педагог мәртебесін арттыруға арналған заң қабылданғанына бірнеше жыл өтсе де, кейбір жергілікті органдар заң талаптарын елемей отыр. Бұл мақалада заңда нақты қандай құқықтар қарастырылғаны және оларды қорғау үшін қандай тетіктер бар екені туралы айтып береміз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жақында Қостанай қаласының әкімі мұғалімдерді рейдке шығару жөнінде ұсыныс айтқаны жайлы ақпарат тарады. Мәліметке сәйкес, әкім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұстаздарды рұқсат етілмеген су айдындарын күзетуге шығару жөнінде тапсырма берген.
Оған қоса, естеріңізде болса, былтыр 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендіремін деп, биіктен құлаған мұғалім ауыр жарақат алған еді.
Бұдан бөлек, мұғалімдерді Кәсіподақтар ұйымына күштеп кіргізуге қатысты сын да жиі айтылып жүр.
Сарапшылар мұндай деректер мұғалім құқының әлі де қорғалмай отырғанының көрсеткіші екенін айтады.
Заң мұғалімді қалай қорғай алады?
2019 жылы 27 желтоқсанда "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды.
Заңның негізгі мақсаты – педагогтердің жалақысын көтеруді, тиісті функцияларға сәйкес келмейтін жүктемелер мен тексерулерден босатуды, педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттыруды, оқу жүктемесін қысқартуды, еңбек демалысын ұзартуды және мұғалімдерге өзге де ынталандыруды белгілеуді көздейді.
“Педагог мәртебесі туралы” заңда мұғалімдердің құқықтары нақты бекітілген.
Атап айтқанда, заңға сәйкес мұғалімді:
- кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға,
- заңда көрсетілмеген есептілікті немесе ақпаратты талап етуге,
- қандай да бір тауар немесе қызмет сатып алуға міндеттеуге тыйым салынады.
Бұл талаптар заңның 6-бабының 2-тармағында жазылған.
Мұндай әрекеттер үшін заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мысалы:
- Мұғалімді кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға (сенбілікке, шара өткізуге) мәжбүрлеу,
- Артық есеп талап ету,
- Қызметтер мен тауарларды сатып алуға міндеттеу,
- Мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларына қатыстыру –
бұлардың бәрі заң бұзушылық болып саналады.
Алғаш рет заң бұзылған жағдайда Әкімшілік кодекстің 409-бабы 7-3-тармағына сәйкес тек ескерту беріледі.
Егер бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, жауапкершілік күшейеді:
- Өкілетті лауазымды тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.
- Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне айыппұл мөлшері 120 АЕК-ке дейін барады.
Сонымен қатар, заңда педагогтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы арнайы тармақ бар.
Егер жеке тұлға мұғалімді қорлап, тіл тигізсе, оған:
- 30 АЕК айыппұл салынады.
Бұл әрекет қайта жасалса: - 40 АЕК айыппұл белгіленеді.
Министрлік ұстанымы қалай?
Мұғалім ұстаздықпен, яғни балаға білім берумен айналысуы керек. Бұған нүкте қойылуы қажет. Бұл заңмен де бекітілген мәселе. Сондықтан кейбір әкімдіктердің заңды аттап өтіп, мұғалімдерді міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату керегін бірнеше рет айттым. Енді әкімдіктер осы ұстанымдарды және заңды толыққанды орындауды қолға алуы керек. Заңды бұзуды тоқтату керек, - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Ғани Бейсембаевтың сөзінше, кәсіподаққа кіру немесе кірмеу – заң бойынша әрбір мұғалімнің, жалпы кез келген азаматтың жеке шешімі болуы керек.
Егер мектеп басшылығы немесе басқа біреулер мұғалімдерге қысым көрсетіп, кәсіподаққа кіруді міндеттейтін болса – мұғалімдер бұл туралы бізге хабарлай алады. Әр өңірде білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері бар. Мен бұл мәселе жөнінде оларға арнайы тапсырма бердім. Мұғалімдер осы департаменттерге барып шағымдана алады. Біз бұл тәрізді жағдайларды дереу тоқтатамыз, - деді ол.
Экс-министр, қазіргі депутат: “Жауапкершілікті күшейту қажет”
Мәжіліс депутаты, Оқу-ағарту экс-министрі Асхат Аймағамбетов “Педагог мәртебесі туралы” заң талаптары неліктен сақталмай отырғанын түсіндірді.
Заң (“Педагог мәртебесі туралы”) бар, ол қабылданды, сонымен қатар әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған. Ең маңыздысы – енді заңның орындалуы. Ол, біріншіден, уәкілетті органдарға байланысты – министрлік пен оның комитеті. Екіншіден, кәсіподақтарға. Үшіншіден, өздері мұғалімдерге, прокуратура және басқа органдарға. Яғни, өздері мұғалімдер де еш қорықпай, құқықтарын талап етіп, арыздануы керек деп әріптестерімізге үнемі айтып жүремін. Сол себепті бұл жерде барлық осы органдар белсенді жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын, - дейді депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, ол министрлікте жұмыс істеп жүргенде жылына жүздеген жауапкершілікке тарту ісін қараған. Ол бір облыс әкімінің орынбасарын сенбілікке мұғалімдерді шығарғаны үшін жауапқа тартқанын есіне алды.
Менің ойымша, егер осындай құқық бұзушылықтар болып тұрса, оларды міндетті түрде жауапқа тарту керек – бұл бір. Екінші мәселе – жауапкершілікті күшейту. Біз қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске айыппұлдарды күшейту жөнінде нормалар дайындадық. Бұл – екіншісі. Үшінші мәселе – жалпы, мұғалімдерге қатысты жауапкершілік шегі туралы. Яғни, бала мектепте емес, өзге жерде жүріп қандай да бір заңсыз әрекеттер жасаса, кейін кінәлі ретінде директор немесе мұғалім жауап беріп жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Өйткені баланың ата-анасы бар, заңды өкілдері бар. Әрине, егер мұғалім осындай әрекеттер дайындалып жатқанын біліп, шара қолданбаса, ол дәлелденсе – бұл басқа әңгіме, ол кезде жауапкершілікті алып тастамаймын. Мысалы, Қызылордадағы жағдайды еске түсіріңіз. Қыз баламен болған оқиға. Мұнда, әрине, мектептің жауапкершілігін көремін. Бала мектепке бармай жүрсе, оны қалай байқамай қалдыңыздар? Мұнда ұжымдық жауапкершілік бар шығар, - дейді Асхат Аймағамбетов.
Бірақ депутат егер бала сабақтан тыс уақытта бір нәрсе жасаса, сол үшін мұғалімді жазалау дұрыс емес деп санайды. Бұл жерде нақты жауапкершілік аясын ажырату керек. Әйтпесе, бұл жай ғана “өрт сөндіру” сияқты болады.
Бірақ менің айтатыным – ең алдымен, егер құқықтарыңыз бұзылса, мұғалім өзі қорықпай, тиісті органдарға жүгінуі керек. Мемлекет заң қабылдап, құқықтарын қорғау үшін барлық жағдай жасап қойды. Егер олар бұзылса, оны ашық айту керек. Екіншіден, бізде комитет бар, олар белсендірек жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Одан бөлек құқық қорғау органдары, кәсіподақтар бар. Меніңше, бәріміз бірлесіп, белсенді болуымыз қажет. Білім сапасын қамтамасыз ету комитетіндегі әріптестеріміздің белсенді жұмыс істейтініне сенімдімін. Олар тек шақырып қана қоймайды, нақты әрекет етеді. Мысалы, әкімшілік жауапкершілікке тарту – комитеттің міндеті. Сондықтан олар жұмысты жүргізіп отыр, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуына қарағанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте алғаш рет құқық бұзушылық жасалса, ескерту беріледі. Бірақ депутаттар қазір сол ескертуді алып тастап, бірден айыппұл салуды ұсынып отыр. Аймағамбетов депутаттар осы бағытта жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Еңбек инспекциясы не дейді?
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин де мұғалімнің құқына қатысты пікір білдірген еді.
Біз педагогтерді өздерінің кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуға үзілді-кесілді қарсымыз. Бұл мәселе бойынша ұстанымымызды ашық айттық. Қазіргі кезде жазғы демалыс кезеңінің басталуына байланысты еңбек инспекциялары тиісті шараларды қолға алды. Олар білім басқармаларымен және мектеп директорларымен кездесіп, мұғалімдерге қызметіне қатысы жоқ жұмыстарды жүктемеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұрын мұғалімдер мектеп аумағын абаттандыру немесе шаруашылыққа байланысты жұмыстарға тартылатын. Біз мұндай тәжірибені қолдамаймыз. Осындай фактілер анықталған жағдайда білім басқармаларының басшыларын және мектеп директорларын жауапкершілікке тарту жөнінде еңбек инспекциясына нақты тапсырма жүктелген. Қостанайдағы оқиға бойынша да бақылау жүргізіліп жатыр. Облыстық еңбек инспекциясына тиісті шаралар қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Ерболат Әбілхатин.