Құмкешудегі құнды жоба

9 Маусым 2022, 10:00
2600
Бөлісу:
Құмкешудегі құнды жоба
PHOTO

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Амангелді ауданына қарасты Құмкешу жалпы білім беретін мектебінде оқушылардың жазғы демалысы «Қазақ ауылы» этножобасы аясында өтуде.

Талай тектілер түлеп ұшқан қасиетті мекен Амангелді ауданының аядай ауылында қолға алынып отырған тың бастама балалар жылымен байланысты өтіп жатқанын айта кеткен жөн. Бұл жоба оқуларын аяқтап, жазғы демалысқа шыққан оқушылар үшін мектеп ұжымы мен ата-аналардың тәрбие жұмысы саласындағы тығыз байланыстың арқасында іске асып отыр. 

Құмкешудегі құнды жоба

Өзі айтып тұрғандай бұл этножоба жас ұрпаққа қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын үйрету мақсатында өтуде. Бұл жерде оқушылар біздің ата кәсібіміз бен салт-дәстүрлерге терең бойлай отырып, қазақ отбасындағы ұл-мен қыздың тәрбиесі туралы мәлімет алады. Сонымен қатар, ұл балалар бие байлау, ат баптау, ат әбзелдерін дайындау секілді жұмыс атқарса, қыздар бие сауу, қымыз дайындау, киіз үй бұйымдары мен іс тігу секілді жұмыстарды атқарады, - дейді Құмкешу жалпы білім беретін мектебінің директоры Арайлым Қылышбаева .

Құмкешудегі құнды жоба

Этножоба «Қымызмұрындық» дәстүрімен басталды.  Онда ата-аналар оқушыларға бие байлау, қымыз дайындау, ат баптау, іс тігу әдістері бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

Қазір қазақ қоғамында ұлттық тәрбиені мектепке қана артып қою артық деп ойлаймын. Бұрын балаларымыз демалыста қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарындағы ата-әже тәрбиесінен өтетін. Қазір бұл үрдіс үзілгелі көп болды. Қала баласының ауылға келуі де азайып кетті. Осынау тың бастама биылғы балалар жылында өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Бұл  жерде оқушылар қазақтың ұлтық болмысын көзбен көріп, рухани тұрғыдан кемелденеді, - дейді аталмыш бастаманың бел ортасында жүрген ата-ана Қаншагүл Серікқызы.

Құмкешудегі құнды жоба

«Қазақ ауылы» этножобасының жоспарына көз жүгіртсек «Бауырсақ parti» акциясы бойынша ұлттық тағамдар дайындау бөлімінде де оқушыларға ерекше тапсырмалар берілмек. Атап айтсақ, ошақ басында жүрген  ұстаздар қыздарға қамыр илеу, бауырсақ пісіру, ұлттық тағам түрлерін дайындау, ет асу әдістерін үйретеді екен. Ал, ұлдар балалар үшін ат ертеу, құлын ұстау, қой сою, етті жіліктеу, табақ тарту секілді жұмысты меңгеру міндеттері тұр. 

Құмкешудегі құнды жоба

Мен үшін биылғы жаз ерекше өтіп жатыр. Бұл жердегі бізге берілетін тапсырмалардың барлығы қызық. Білмейтін көптеген салт-дәстүрлерді меңгерудеміз. Соның үшінде мені қатты қызықтырғаны етті жіліктеу мен табақ тарту болды. Оны әрбір ер азамат білуі керек деп ойлаймын, - дейді жобаға қатысушы Балғабай Бейбарыс.

Құмкешудегі құнды жоба

Иә, расында балалар жылында алаулатқан жалған ұрандарға толы түрлі даңғазалыққа бой алдыратын шоулардан қарағанда, өсіп келе жатқан ұл мен қыздың болашағына бағдар беретін осындай жобалар керек. Оны шалғайда шатқан құмкешуліктер көрсетіп отыр. 

Құмкешудегі құнды жоба

Жоба аясында түрлі ұлттық ойындар да ойнатылмақ. Жарыста жеңіп шыққандар арнайы дипломдармен марапаталады. 

Өзгелердің жаңалығы