Атырау облысының Құлсары қаласында орналасқан «Ниет» жанармай құю станциясында жарылыс орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
112 қызметінің пультіне түскен хабарламаға сәйкес, Жылыой ауданының Махамбет даңғылы бойында газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан өрт шығып, үш бір қабатты құрылыс, газ құю станциясы және арт жағында орналасқан екі қабатты ғимарат отқа оранған.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаменті мен МЕӨҚҚ-ның (Медициналық және өзге де жедел-құтқару қызметтері) 60 маманы мен 10 техникасы дереу жұмылдырылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі адам қаза тапты, 14 адам түрлі жарақатпен медициналық көмекке жүгінді.
Өрт-құтқару бөлімшелері өртті сөндіруді және газ цистернасын салқындатуды жалғастыруда. Сонымен қатар, өрт ошақтарын оқшаулау және адамдарды қауіпті аймақтан эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлады Атырау облысы ТЖД.
Қазіргі уақытта жарылыстың нақты себебі мен өрттің таралу аумағы анықталу үстінде. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов Жылыой ауданының Құлсары қаласында орналасқан «Ниет» жанармай құю станциясындағы жарылысқа байланысты жедел штабтың шұғыл отырысын өткізді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Атырау қаласынан арнайы күйік орталығының мамандары оқиға орнына жіберілді. Олар зардап шеккендерге жоғары білікті медициналық көмек көрсетуде.
Төтенше жағдайлар департаменті өртті оқшаулау, зардаптарды азайту және халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс, – деді облыс әкімі шұғыл жиын барысында.
Серік Шапкенов сонымен қатар ТЖД-не оқиға орнындағы іс-қимылдарды толық үйлестіруді тапсырды.