Құлағы бар билік құлақсыз туған бөбектің жанайқайын естімейді: Депутат мәселе көтерді

18 Қазан 2023, 13:42
866
Бөлісу:
Құлағы бар билік құлақсыз туған бөбектің жанайқайын естімейді: Депутат мәселе көтерді
Фото: скрин

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев еліміздегі ауыр дертке шалдыққан балалардың мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі депутаттық сауалым 3000 баланың көз жасы, 6000 ата-ананың аялы алақанымен қалқалап өшіріп алмауға ұмтылған үмітінің соңғы сәулесі деп біліңіз. Қазақ «бай күйігі – сыртта, бала күйігі – іште» дейді. Қазақстандағы 3000 баланың көңілдегі күйік микротия және атрезия патологиясы деп аталады. Қарапайым тілге салсақ, бұл бөбектердің өмірге құлақсыз келуі. Қазір осындай 3000-нан астам баланың болашағына балта шабылмаса екен деген мыңдаған ата-ана шырылдап жүр. Шарасыз үнді қолында қаржысы, білегінде билігі бар Үкімет естіді ме? Естісе неге өмірге естімей келген балалардың ертеңіне енжар қарайды? – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Айтуынша, құлақсыз туылып, қоғамнан қағажу көріп, тәрбиесіз, тәртіпсіз қатарластарының мазағына тап болып, төрт қабырғаға өз еркімен қамалған микротия және атрезия диагнозы қойылған балаларды билік өзекке тепкен.

Біріншіден, бір құлағы жоқ болып дүние есігін ашқан сәбилер мүгедек боп танылмайды. Зейнетақы алмайды. Біздің елде мүгедектік алу үшін екі құлағың да болмауы керек екен. Қазақ «Баланың ұяты – әкеге, Қыздың ұяты – шешеге» дейді, ал құлақсыз туылған бөбектердің жанайқайын естімейтін құлағы бар биліктің ұяты кімге? Микротия және атрезия патологиясының емі бар екен, құлақтың ішіне ота жасап, есту каналдарын ашып, сыртына табиғи құлаққа ұқсас қалып орнатып береді. Ол АҚШ-та. Бір құлаққа жасалатын операцияның құны былтыр 99 000 доллар болған, биыл 105 200 доллар. 1 ай уақытты алатын реабилитация, барып-келу жолы, жатын орын, тамақ дегендерің аталған ақшаның сыртындағы шығын, - деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар ол естімейтін баламның үнін естіртейін деп ата-аналар Үкіметке жүгінгеніне тоқталды.

Мынадай ресми жауап алыпты: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ деректері бойынша микротия және атрезия патологиясы бар балалар бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін балалар санатына жатпайды және медициналық көмек сапасының мониторингі департаментінің «Мұқтаж пациенттер» тізіміне енгізілмейді». «Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады» дейтін қазақпыз. Әлгіндей жауаптарды алғанда құлақсыз туған баланың жаны қалай жаурайды десеңізші? Шырылдаған ата-аналар ақырында «Қазақстан халқына» қорына барыпты. Бірақ қор да қор қылып қайтарыпты. «Бізде бұл мақсатқа ақша қарастырылмаған» деген суық, суыт жауап берген. Қазақстанда аталған дертті емдейтін маман жоқ, әйтпесе естімейтін баласының жанайқайын билікке естірте алмай жүрген ата-ана Америка асып қайтсін? Бұл тек ресми тіркелген 3000-нан астам баланың әке-анасының жанайқайы, науқас ретінде тіркелмегендері тіптен көп, - деді ол.

Депутат микротия және атрезия патологиясына шалдығып бір құлақсыз туылған балаларға да мүгедектіктің берілуін сұрады.

«Қазақстан халқына» қоры арқылы аталған дертті емдеу үшін балалардың АҚШ-на баруын қамтамассыз етулеріңіз қажет, тиісті қаржыны бөлу керек. Шешімді жедел қабылдау шарт, себебі бұл дерт балалардың екінші сау құлағының есту қабілетін нашарлатып жатыр. Қазақстандық білікті дәрігерлерді микротия және атрезия патологиясын емдеудің тәсілдерін меңгеру үшін АҚШ-на оқуға жедел жіберу керек. Дәрігерлердің өзі ықылас білдіріп отыр. Құлақсыз туылған, естімейтін балапандардың жанайқайын құлағы бар билік өкілдерінің еститін кезі келді ғой, - дейді Нартай Аралбайұлы.

Өзгелердің жаңалығы