Шығыс Қазақстан облысында 2024 жыл Жолдар жылы болып жарияланды. Көлік артерияларын жөндеуге және салуға бюджет екі есеге артады. 600 шақырым жол мен көшелерді жөндеу жоспарланып отыр. Ал облыс 2023 жылды қандай нәтижемен аяқтап жатыр? Өнеркәсіпті дамыту, өңдеу, туризм – бұл салалар өңірдің ерекшелігін құрайды, сонымен қатар дамуға мүмкіндік береді. BAQ.KZ бұл туралы ОКҚ-не сілтеме жасап хабарлайды.
Биылғы жылдың соңында Қазақстандағы түсті металлургия орталығының жалпы өңірлік өнімі 4,4 триллионды құрайды. Облыс өнеркәсіп өндірісінің 9%-ға, ауыл шаруашылығының 5%-ға, негізгі капиталға инвестициялардың 7%-ға, бөлшек тауар айналымының 8%-ға өсу қарқынын көрсетеді. Еңбек нарығы тұрақтанды. Жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді. 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылды, оның 20 мыңнан астамы тұрақты болып табылады. Орташа айлық еңбекақы 18%-ға өсіп, 325 мың теңгені құрады. Жалпы республикалық инвестициялық жобалар пулына облыстан жалпы құны 1,1 триллион теңгені құрайтын 42 жоба енгізілді.
Шығыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасалып, барлық қажетті инфрақұрылым қалыптастырылды, мемлекеттік қолдау тетігі жолға қойылды, «Даму» КДҚ-мен бірлесіп, «Ақ-Ниет» ШОБ жобаларын жеңілдікпен қаржыландырудың өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері ШОБ жобаларына 22 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. ШОБ субъектілерінен бюджетке түсетін салық түсімдері 40%-ға өсті. Бастамашыл жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді – 1 млрд теңгеге жеңілдетілген мөлшерлемемен 200 несие берілді.
Әрине, бұл ШОБ субъектілерінің көбеюіне оң әсер етеді. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста 64 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді, 2022 жылы олардың саны 59 мың болған.
Облыста халықтың кірістерін арттыру және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін 2023 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы жүзеге асырылуда. Басқа да әлеуметтік бағдарланған шаралармен бірге жұмыссыздық деңгейі төмендеді, сәйкесінше атаулы әлеуметтік көмек алушылар 20%-ға азайды.
Өңір ауыл шаруашылығының әлеуеті жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған
Шығыс Қазақстан облысында 9,4 мың шаруа және фермер қожалығы тіркелген, оларда 18 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Өңірде Президенттің АӨК-те қайта өңдеу өнімдерінің үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
ШҚО ерекшеліктерінің бірі күнбағыс майын өндіру болып табылады. Мұнда 12 май өндіру кәсіпорны жұмыс істейді, қазіргі және жоспарланған жаңа кәсіпорындарды есепке алғанда майлы дақылдарды өңдеу көлемі 900 мың тоннаға жетеді.
Қазақстанда алғаш рет 4 мың тонна сұйық лецитин өндіру үшін күнбағыс тұқымын терең өңдеу осы Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылмақ.
Өңір қолға алынған тағы бір маңызды мәселе – өзіндік тұқым шаруашылығы базасын құру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің ХІХ өңіраралық ынтымақтастығы форумында сөйлеген сөзінде еліміздің қажеттіліктерін өз тұқымымен қамтамасыз етуді басым міндеттердің бірі деп атады. ШҚО-да астық, майлы және мал азықтық дақылдардың, күнбағыс пен соя будандарының негізгі сорттарын шығару жоспарлануда, бұл өңірдің өзін ғана емес, жақын маңдағы облыстарды да тұқыммен қамтамасыз етеді.
АӨК-те барлығы 236,4 млрд теңгенің 37 жобасы іске асырылуда.
Білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үймен қамтамасыз ету
Өңірде 343 мектеп бар, онда 98 мың бала оқиды. Апатты немесе үш ауысымды мектептер жоқ. 2025 жылға дейін 5,6 мың орындық 15 мектеп, оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салу жоспарланған. Мектептердің құрылысына бизнес те тартылуда. Мысалы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Риддер қаласында мемлекеттік тілде оқытатын мектеп салынады. Мектептер, балабақшалар мен колледждердің 100%-ы бейнебақылау жүйесімен жабдықталды. ЖБО-ға 116 қалалық және 99 ауылдық білім мекемесі қосылды. Барлық қала мектептері лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1-4 сынып оқушыларының барлығы тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінді.
Айта кетерлік жайт, республикада алғаш рет Шығыс Қазақстанда «Қонақжай отбасы» жобасы іске қосылды. Мемлекеттік тілді меңгергісі келетін балалар үшін бұл жақсы тәжірибе. Балалар 20 күн бойы Катонқарағай ауданындағы ауыл тұрғындарының отбасында тұрды. Әңгімелесіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін зерделеп, ұлттық аспаптарда ойнауды үйреніп, киелі жерлерді, тарихи ескерткіштерді аралады. Бірегей тәжірибе табысты болды. Сондықтан келесі жылы жобаның өңірдегі географиясы кеңейеді.
Кішкентай шығысқазақстандықтарға ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы, 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 98,4%-ды құрайды. Биыл балабақшаларда барлығы 2700 жаңа орын ашылады. Бұл ретте аз қамтылған отбасынан шыққан 5 мың бала балабақшаға тегін барады.
Шығыс Қазақстан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2023 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 18 объектінің құрылысы басталды. 16 медициналық пунктте құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, 2 объекті желтоқсан айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Алтай ауданының ауданаралық ауруханасын жабдықтауға республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді.
Облыста медициналық туризмді дамыту денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі уақытта онкологиялық және кардиологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу орталығын құру жобасы іске асырылуда. Оның негізгі айырмашылығы тек тексеру ғана емес, сонымен қатар санаториялық жағдайда науқастарды одан әрі оңалту болып табылады.
Жергілікті биліктің бақылауындағы тағы бір мәселе – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Оны алуға 23 мың адам кезекте тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көздерінен 353,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде. 3,1 мың отбасы өздерінің баспана жағдайын жақсарта алады. Атап айтқанда, кезекте тұрған 655 адам бюджет қаражаты есебінен баспанамен қамтамасыз етіледі.
«Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасының да нәтижесі жақсы. Үш жылда 589 үй, 2023 жылы көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 325 үй салынды.
Шығыс Қазақстан еліміздің туристік бренді ретінде
Шығыс Қазақстан облысының билігі мен инвесторлар өңірдің орасан зор табиғи әлеуеті мен бірегей климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, туризм мен қажетті инфрақұрылымды дамытуда.
Облыста Шығыс Қазақстанды брендке айналдыратын жобалар жүзеге асырылып жатыр: хайкингтер, жазғы фестивальдер өткізіліп, ұлттық дәстүр дәріптеледі. Соның бірі – биыл облыста өткен «Шығыс салбурыны» бүркітшілер фестивалі. Ал Катонқарағай өңірінде ірі халықаралық қонақ үй бизнесі операторы эко-отель құрылысын бастайды.
Жалпы алғанда, 2023 жылы туризмге салынған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 36%-ға артып, шамамен 15 миллиард теңгені құрайды. Келер жылға 18 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Катонқарағай және Марқакөл аудандарын қалпына келтіру: жұмыс басталды
Шығыс Қазақстан облысы үшін шекаралық аймақтарды дамыту өзекті мәселелердің бірі болып табылады, себебі мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы 1451 шақырымды құрайды. Облыс халқының 26%-ы 6 шекаралас ауданда тұрады, ал бұл 192 мың адам.
Ел Президенті Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Катонқарағай мен Марқакөл аудандарын қалпына келтіру міндеттерін алға қойды. Бұл ауқымды әрі күрделі жұмыс, сондықтан бәрін алдын ала, жоспарлау және есептеу қажет. Қазіргі уақытта ұйымдастыру іс-шараларының жоспары жасалып, экономикалық есептеулер жүргізіліп, орталық мемлекеттік органдарға штаттық бірліктер, материалдық-техникалық базаны нығайту, объектілерді салу мен жөндеу бойынша тиісті өтінімдер берілді. Бұл ретте басты мәселе кадрмен қамтамасыз ету. Болашақта нақ осы бағытқа басымдық берілмек.
Шығыс Қазақстан облысының 2023 жылғы жетістіктері мен жоспарлары туралы айтар болсақ, келе жатқан Жолдар жылы дер кезінде жарияланғаны сөзсіз: өз елінің дәстүрі мен халқының әдет-ғұрпын үйренгісі келетін жас полиглоттар үшін де, туристер үшін де, шекаралас аймақтарға өзін және туған жері үшін әлеуетін іске асыру үшін баратын жандар үшін де бұдан былай қашықтықтар кедергі бола алмайды.