Көне Түркістан Түрік елдерінің рухани астанасына сөз жүзінде ғана емес, істелген, түрлі іс-шаралар, симпозиум, ғылыми конференциялар, фестивальдер арқылы рухани астанаға айналуы тиіс. Ол үшін қаражатты аямау керек. Сонда ғана өнер мен ғылым дамиды, деп хабарлайды Түркістандағы BAQ.KZ тілшісі.
Өнерсүйер қауымға, оның ішінде театр көрермендеріне Халықаралық Шыңғыс Айтматов сыйлығының лауреаты, режиссер Қуандық Қасымовтың есімі де, туындылары да жақсы таныс. Ол «Құдалар», «Сократ түні», «Кейуана», «Пері мен періште, «Ноқтаға басы сыймаған», «Қыз Жібек», «Сыған серенадасы», «Бас» тағы басқа қойылымдарды сахналаған және олардың бәрі де әлдеқашан көрермендер тарапынан оң бағасын алып үлгерген. Қазір режиссер Қуандық Құлмамырұлы Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында еңбек етеді. Біз көне әрі жас облыстың рухани мәдениетін, өнерін қалай көтеруге болады деген тақырыпта режиссермен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.
– Қасиетті Түркістан жеріне аяқ басу мен үшін үлкен мәртебе. Райымбек Сейтметов құрған жиырма үш жылдық тарихы бар театр ұжымына риясыз көңілмен, құшағын жайып қарсы алған театрдың басшысы Ержан мырзаға және талантты ұжымға алғысым шексіз. Түркістанға толыққанды келіп орналасып қызмет істегеніме міне биыл бір жылдан асты. Аз уақыт. Аз да болса саз уақыт болды ғой деп есептеймін. Жалпы, Түркістанның рухани өмірін, рухани өнерін көркейту үшін облыс басшылары қаражатты молырақ жұмсап, өнер ұжымдарына қолдау көрсету керек. «Ғабит Мүсірепов айтқандай, қоғамның қос қанаты бар. Бір қанаты тән азығы (экономика), бір қанаты жан азығы (рухани әлем). Екі қанат тең болмаса, қыран тұрмақ, шымшық та ұша алмайды. Көреген өкімет өзі мінген арғымақтың қос тізгінін тең ұстайды. Сыңар езулетсе ат түзу жолдан шығып, жарға барып, орға жығылуы мүмкін. Содан сақ болайық!» дейді қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза. Осы сөз облыс жұртшылығының рухани өркендеп өсуіне мүмкіндік жасауға арналған қағида болуы абзал деп санаймын. Рухы биік адамдар ғана ел экономикасын дамытуға белсене атсалысады. Сондықтан көне Түркістан Түрік елдерінің рухани астанасына сөз жүзінде ғана емес, істелген, істелетін түрлі-түрлі іс-шаралар, симпозиум, ғылыми конференциялар, фестивальдер арқылы рухани астанаға айналуы тиіс. Ол үшін қаражатты аямау керек. Сонда ғана өнер мен ғылым дамиды. Түркістан қос қанатты пыраққа айналып, бүкіл әлем бас иіп келіп тәу ететін қасиетті жерге айналады.
– Түркістан – киелі шаһар. Киелі жерге лайықтап, көрермендер сұраныс тудыратындай пьеса сахналау ойыңызда бар ма, болса қандай?
– Түркістан киелі шаһар екені даусыз. Қаншама ғұлама адамдар өмір сүріп, қаншама қасиетті адамдар шаһардың рухани әлемін дамытуға үлес қосқан. Әрине Райымбек Сейтметов театрының репертуарында сөзсіз сол кейіпкерлердің бейнесі болуы абзал. Соның бірі, менің алғашқы қадам жасап, осы театрға келіп спектакль қойғанда туған, әлемнің екінші ұстазы атанған, Әл-Фараби тұлғасы. Сондықтан театр репертуарында түркітілдес елдердің драматургтарына арнайы тапсырыс беріліп, түркітілдес мемлекеттердің қасиетті тұлғаларының өмірі мен олардың рухани әлемнің дамуына үлесін қосқан еңбегін паш ететін шығармалар молынан болу керек деп ойлаймын.
– Түркістан жұртшылығы театрға жиі келе ме екен? Жергілікті билік, әкімқаралар, шенеуніктер жалпы театрға бас бұра ма?
– Қай шаһарда болса да театр өнерін сүйетін қауым болатынына күмән болмау керек. Жиырма үш жылдан бері халықтың өркендеп өсуіне, оның рухани дамуына атсалысып келе жатқан Райымбек Сейтметов театрының өз көрермені бар. Олардың театрға соншалықты құштар екенін пандемиядан кейінгі үзілістен соң есігін қайта ашқан театрға сағынышпен келіп, көрермен залын лық толтыруы, театрдың жылдар бойы бекер еңбек етпегенінің дәлелі емес пе? Ал, енді облыс басшылары немесе қала басшылары театрға уақыт бөліп келе ме, келмей ме, ол маған қызық емес. Маған қызығы қарапайым халықтың тынысы, олардың соққан жүрегінің лүпілі.
– Түркістанға келгелі қанша қойылым сахналадыңыз? Жалпы, режиссерлық қорыңызда қанша шығарма сахналадыңыз?
– Райымбек Сейтметов театрының сахнасында қойған толыққанды екі спектаклім бар. Оның бірі қазақтың көрнекті драматургі Шахмет Құсайыновтың «Әл Фараби» драмасы, екіншісі қырғыз елінің халық жазушысы Сұлтан Раевтың «Ханшаның көз жасы» атты саунд драмасы. Биылғы жоспарымда әлемге аты әйгілі итальян драматургі Карло Гоцийдің «Турандот Ханшайымы» атты трагикомедиясын сахналау ойымда бар. Әрине қаражат жеткілікті болса. Себебі, бұл шығарма декорация мен костюмдер үлгісіне терең мән беретін шығарма.
– Сейтметов театрының ХХІ маусымының жабылуында жаңа өзіңіз айтқан Құрманжан датқа туралы драманың премьерасы өткенін білеміз. Осы жайында айтып берсеңіз?
– Түркістан – барша түркі жұртының рухани астанасы іспетті ғой. Осы рухани астанада қырғыз елінің мықты туындысының қойылымы болып өтті. Спектакльге шығарманың авторы Сұлтан Раев Түркиядан арнайы келді, бұл біз үшін үлкен мәртебе. Шығарманың авторы қазіргі кезде Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары. Жалпы, бұл шығармада көрші қырғыздардың ұлттық философиясы көрініс тапқан. Құрманжан Датқа қырғыздың мақтанышы. Біздің театрдың әртістерінің осы драманы алып шыға алатынын білдім. Қойылымда Құрманжан датқаның ана ретінде де, көшбасшы ретінде де бейнесі сомдалады. Бір ұлы өлім құшып, екінші ұлының тағдыры қыл үстінде тұрған сәт. Ол халықтың ертеңі үшін өз перзентін өлімге қиюына тура келеді. Мұндай шешімге екінің бірі келе алмасы анық. Халықты басқарып отырып, ұлын алпауыт империяға бермесе, халқының күл-талқаны шыққалы тұр. Сахнада осы түннің ауыр қасіреті берілген. Ол ұлын емес, қырғыз халқын таңдайды. Сахнада оның жан азабы, толғауы тұнып тұрған философияға толы. Осы қойылымды қайтадан жаңғыртып, киелі Түркістанның сахна төріне шығардық. Сейтметов негізін қалап кеткен театрда қойылымның болғанын мақтан тұтамын. Жалпы, Райымбек Ноғайбайұлы мәдениет ошағы саналатын Алматыны тастап, осында келді. Жоқ жерден жаңадан театр ашып, өнер саласында жаңа есімдер тәрбиеледі, театрдың іргетасын қалады. Мен де осы театрдың даму жолында ұжыммен тығыз жұмыс істеуге ниеттеніп келдім. Райымбек Сейтметов театрын барша қазақ білуі тиіс. Театрдың өзіндік мектебі, мықты труппасы қалыптасқан. Міне қазір Сейтметовтей ұстазды көрген, тәлімін алған жандармен жұмыс істеп жатырмын.
– Бұл қойылым алдында қайда сахналанған еді?
– Иә бұл туынды мұның алдын 2012 жылы сахналанды. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің арасында қтіп тұратын фестивальге де қатысты. Содан бері осы айтылған «Ханшаның көз жасымен» ешкім жұмыс жасамаған екен. Міне, араға он жыл салып, қайтадан Түркістандағы театр ұжымымен жаңғыртылып отыр.
– Сіздің режиссерлік стиліңізді қалай ажыратуға болады?
– Бұл маған емес, көзіқарақты театр зерттеушілеріне қойылатын сұрақ. Солар және көрермендер талқылап, бағасын бергені дұрыс.
– Театр мен кинотеатрдың айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
– Театр адамның көзбе көз адам жанының құбылысын зерттеп, зерделейді және көз алдында актерлермен бірге тыныстап, солармен бірге өмір сүреді. Ал кинотеатр ол пленкаға түсірілген дайын продукцияны ұсынады. Оның әсері әрине көзбе көз отырып көргендей болмауы мүмкін. Кинотеатрға қайта-қайта келіп көру өте сирек құбылыс, ал театрға бірнеше мәрте оралып, сол спектакльді, сол актердің өнерін қайта-қайта көруге құштарлық театр өнерінің құбылысына айналған.
– Театр әртістері қойылымды жақсы алып шығу үшін ең бірінші нені ескеруі керек?
– Жүректен жүрекке шынайы жол табуды іздеуі абзал. Сонда ғана сенің өнерің халықтың есінде мәңгі қалады.
– Қолыңызда өте қомақты қаражат бар делік. Ең бірінші өнер саласында нені қолға алар едіңіз?
– Театрдың сахнасында қойылатын спектакльдердің көркемдік дәрежесін көтеруге арналған құрал-саймандарды алып, соларды халықтың игілігіне қызмет етуіне жұмсар едім. Себебі театр өнеріне де жаңа технология еніп жатса, қойған қойылымдарыңның көркемдік дәрежесі көтеріліп жатса, одан артық қуаныш бар ма? Сол шығармалармен әлемдік театр фестивальдеріне сапар шегіп Р.Сейтметов театрының өнерін әлемге паш етер едім!
– Театрдың деңгейін көтеру кімге байланысты? Басшы, режиссер, әртістер т.б.
– Осы аты аталған кейіпкерлердің бәріне байланысты.
– Әлемдік театрдан қазақ театрына не енгізген болар едіңіз?
– Енгізу керек пе? Ол жағына қазір күмәнім бар...