Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс сотқа түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылғы 26 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына күдіктілер Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс келіп түсті, - делінген елордалық соттың хабарламасында.
Күдікті Қуандық Бишімбаевқа ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.
Күдікті Бақытжан Байжановқа ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.
ҚПК-нің 319-бабына сәйкес, судья істі сотта іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені бес тәуліктен кешіктірмей шешеді.
Еске салсақ, 2023 жылғы 9 қарашада Астана қаласындағы мейрамханалардың бірінде дене жарақаттарынан әйел адамның қаза болғаны хабарланды.
Кейіннен ол әйелдің ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтің әйелі екені анықталды. Салтанат Нүкенова жедел жәрдем қызметі келіп жеткенше жан тәсілім еткен. Астана қалалық ПД мәліметінше, ҚК 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Ал 11 қаңтарда әйелін өлтірді деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды.
Бұған дейін Бишімбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлаған едік.