Жоғары аудиторлық палата ұлттық компаниялардың қарызына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист Мәжіліс кулуарында Ұлттық компаниялардың қарызына қатысты сұрақ қойды. Ол былтыр “Қазақстан темір жолы” және басқа ұлттық компаниялар қарызының жоғары екенін атап өткенін еске салып, бүгінгі күні олардың қарызының өскен-өспегенін және экономикалық қауіп төндірмейтін шекте сақталып отырғанын сұрады.
Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов жауап беру барысында былтырғы аудит нәтижелеріне сүйеніп, бір жылдың ішінде жағдай күрт өзгеру мүмкін еместігін атап өтті. Оның айтуынша, кейбір өзгерістер болған шығар, бірақ қарыздардың құрылымы күрделі қалпында қалып отыр.
“Қазақстан темір жолының” қарызы әлі күнге дейін өте жоғары, оны уақытында өтеу күрделі мәселе болып отыр. Самұрық-Қазына қоры бұл мәселені бақылауда ұстайды және оған үлкен назар аударуда. Қарыздарын уақытында төлеп отырмыз деп ресми түрде айтсақ та, бұл оңай мәселе емес. Ұлттық компаниялар көп күшін осы мәселені бақылауда ұстауға бағыттап отыр, – деді Әлихан Смайылов.