ҚСЗИ жас сарапшыларды қолдау бағдарламасын таныстырды

8 Ақпан 2023, 18:12
1216
Бөлісу:
ҚСЗИ жас сарапшыларды қолдау бағдарламасын таныстырды
PHOTO
Фото: ҚСЗИ

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының мақсат-міндетін таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов мұндай кездесулердің жиі өткізу маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол биыл құрылғанына 30 жыл толған институттың негізгі қызметі мен алдағы жоспарларына кеңінен тоқталды.

Атап айтқанда, жас сарапшыларды қолдауға бағытталған «Қазақстан: дамудың сын-қатерлері мен шешу жолдары» бағдарламасының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, іріктеу қандай негізде жүзеге асырылатынын және бағдарламаның финалистерін не күтіп тұрғанын айтты.

Жобаның негізгі мақсаты – жас сарапшыларға әлеуметтік ғылымдар саласында зерттеулер жүргізуге қолдау көрсету. Бұл жастардың өзін дамытуына, біліктілігін арттыруға, ғылыми-зерттеу саласындағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар бағдарлама аясында зерттеу дағдыларын дамыту бойынша еліміздің танымал сарапшыларының әдістемелік семинарларына қатысып, дәріс алу мүмкіндігі бар, - деді Еркін Тұқымов. 

ҚСЗИ жас сарапшыларды қолдау бағдарламасын таныстырды

Сондай-ақ ҚСЗИ директоры бағдарлама осымен екінші рет өткізіліп жатқанын және былтырғы бағдарламаға Қазақстанның көптеген қалаларынан жас мамандардың қатысқандығын айтып, биыл еліміздің барлық аймағынан қатысушылар саны бұдан да көп болатынына сенім білдірді.

Өтінімдер 2023 жылғы 6 ақпаннан 7 наурызға дейін қабылданады. Нәтижесінде 20 дарынды жас сарапшы топтық және жеке талдамалық баяндамалар дайындау жұмысына қатысып, ҚСЗИ ғылыми грантын иеленуге мүмкіндік алады.

Кездесудің екінші бөлімінде Еркін Тұқымов Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан институттың үлесін айта келе 2023 жылдың ҚСЗИ үшін ерекше маңызды екеніне тоқталды.

Институтымыздың құрылғанына 30 жыл толуы аясында ауқымды іс-шаралар мен түрлі сараптамалық алаңдар өткізу жоспарда бар. Олардың негізгісі Central Asian Security and Cooperation Forum болмақ. Форум алаңына әлем елдерінің ойшылдары мен жетекші сарапшыларын жинап, жаһандық және аймақтық мәселелерді талқылауды жоспарлап отырмыз, - деп бөлісті институт басшысы. 

ҚСЗИ бүгінде Орталық Азия аймағындағы ынтымақтастық мәселелерін сараптамалық деңгейде талқылайтын басты алаңға айналып отыр. Институт 2023 жылды «Орталық Азия-2030: болашақтың келбеті» атты сарапшылар кездесуінен бастады. Іс-шараға аймақтың барлық 5 елінен стратегиялық зерттеу институттарының басшылары қатысты.

Мұндай іс-шаралар жыл бойы жалғасады. Биылға Түркі мемлекеттері ұйымына  кіретін 8 елдің талдау орталықтарымен IX форум өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ іс-шаралар жоспарында 2022 жылы құрылған Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Әзербайжан сараптамалық кеңестерінің отырыстары бар, - деді Еркін Тұқымов.

ҚСЗИ биылғы сайлау науқандарын сараптамалық, талдамалық және ақпараттық қамтамасыз етуге белсенді түрде атсалысты. Халықтың сайлауалды көңіл-күйін және елдегі қоғамдық-саяси жағдайға көзқарасын жүйелі түрде анықтау үшін бірқатар зерттеулер жүргізілді.

ҚСЗИ жас сарапшыларды қолдау бағдарламасын таныстырды

Қазақстанның жаңғыруы аясында аймақтардың даму мәселесіне көңіл бөлініп келеді. Өңірлерде болып жатқан үдерістерді зерделеу және жергілікті жерлерде аймақтық зерттеулер жүргізу мақсатында ҚСЗИ өкілдіктер желісін кеңейтіп, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында ҚСЗИ өкілдігін ашу жоспарда бар.

ҚСЗИ-дың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ел басшылығының тапсырмаларына және талдамалық өнімдерге деген сұранысқа сәйкес институт құрылымы жаңартылды. Сонымен қатар ҚСЗИ тарихын және Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін көрсететін ұжымдық монография және басқа да басылымдар дайындалып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы