ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

5 Сәуір 2022, 21:24
1446
Бөлісу:
ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады primeminister.kz.

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин баяндама жасады. Ведомство басшысы телекоммуникация саласын демонополизациялау үшін қажетті бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды атап көрсетті. 

Еліміздегі тіркелген және мобильді байланыстың үлесіне қатысты мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникациялық қызмет нарығында  тіркелген байланыс қызметі бойынша 80%-дан астам және мобильді байланыс бойынша 60%-дан астам үлесі бар монополист екендігі атап өтілді. 

Телекоммуникация нарығындағы елеулі орын «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына басқа сабақтас нарықтарда айтарлықтай үлес алуға мүмкіндік берді. «Қазақтелеком» АҚ-на тауарларды цифрлық таңбалау нарығының 100% үлесі, фискалдық деректер операторлары нарығында 78%, Деректерді өңдеу орталықтары нарығында 55%, ақылы теледидар қызметтері нарығында 33% үлес, барлық радиожиіліктердің 75% тиесілі.

ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

«Кселл» және «Теле2» компанияларының бірігуі кезінде олардың желілерін оңтайландыру және біріктіру есебінен оң нәтижеге қол жеткізу мақсаты қойылғанын атап өткен жөн, бұл көрсетілетін телекоммуникациялық қызметтердің сапасын арттыруға тиіс еді. Алайда, 3 жыл ішінде мобильді байланыс операторларының желілері біріктірілмеді. 

Оның шешімі ретінде Б. Мусин компаниялар тобының мобильді операторларының бірін бәсекелі нарыққа шығару арқылы «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобын демонополизациялауды ұсынды. Премьер-Министр Ә. Смайылов ЦДИАӨМ-ге «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-мен бірлесіп, осы мәселе бойынша бір апта ішінде ұсыныс енгізуді тапсырды. 

Сондай-ақ бүгінде шағын операторларда кабельдік кәрізге қол жеткізу және өздерінің байланыс желілерін жүргізу кезінде қиындықтар туындап отыр, себебі кабельдік кәріздің негізгі бөлігіне «Қазақтелеком» АҚ иелік етеді. Осылайша, «Қазақтелеком» АҚ «соңғы миль» ретінде халыққа қолжетімді интернет қызметтерін ұсынуға дайын орта және шағын провайдерлердің дамуын шектей алады.

ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті

Мәселені шешу үшін ҚР ЦДИАӨМ электрондық өтінім беруді және қызмет көрсетуден бас тарту негіздерінің нақты тізбесін айқындай отырып, заңнамалық тұрғыдан бірқатар түзетуді қарастыруды ұсынады. Бұған қоса, негізсіз бас тартуға байланысты шағымдар түскен жағдайда, «МРҚ» РМК-ға техникалық аудит жүргізуге уәкілеттік беру қажет, оның нәтижелері бойынша талапты бұзу фактілері анықталған жағдайда уәкілетті орган ұйғарым шығаруға құқылы болады. Сонымен қатар кабельдік кәріз бойынша қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқаны үшін операторға әкімшілік жауапкершілікті күшейту ұсынылады. 

Сондай-ақ жекелеген ірі байланыс операторлары орта және шағын интернет-провайдерлердің дамуына ынталы емес, оларға тиімсіз шарттарды ұсынады. Дилерлік шарттың тиімсіз талаптарының салдарынан «Қазақтелеком» АҚ интернеттің орта және шағын провайдерлерін дамытуды ынталандыруға кедергі келтіретін фактілер бар. Бұл телекоммуникациялық нарықтың дамуына және халыққа телекоммуникациялық қызметтерді қолжетімді етуге теріс әсерін тигізеді. Бұл, өз кезегінде, Президенттің телекоммуникациялық нарықты дамыту және халыққа интернетті қолжетімді ету жөніндегі тапсырмаларының табысты іске асырылуына кедергі келтіреді. 

Шағын байланыс операторлары үшін ауылдарда «Қазақтелеком» АҚ және «Транстелеком» АҚ желілеріне қосылу ақысын заңнамалық түрде реттеу және электр бағаналары бойынша желілерді жүргізу үшін шағын операторларға жағдай жасау аталған проблеманы шешуге мүмкіндік береді. 

Ұлттық ресурста заңнамалық түрде айқындалған радиожиілік спектрін ұсынуға қатысты аукциондық тетік жүргізу ұсынылды, бұл жиіліктерді бөлудің ашықтығын, сондай-ақ тиімсіз пайдаланылатын радиожиіліктерді айыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында бүгінгі таңда бос жиіліктер жоқ, ал берілген радиожиіліктердің басым бөлігі «Қазақтелеком» АҚ тобында орналасқан. Бұл өз кезегінде нарықта жаңа «ойыншылардың» пайда болуына мүмкіндік бермейді. 

Байланыс сапасын бақылау тетігін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар аясында мониторинг күшейтіліп, сапасыз қызметтер көрсеткені үшін салынатын айыппұл сомасы 100-ден 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. 

Сонымен қатар Комиссия отырысында Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігіне «Кселл» АҚ 24% сату жөніндегі мәміленің нәтижесінде мемлекетке келтірілген ықтимал залал мәселесін зерделеу ұсынылды. 

Сондай-ақ клиенттердің фискалдық деректері туралы мәліметтерді жинау, өңдеу және салық органына беру жөніндегі қызметті жүзеге асыру мәселесі қаралды. Фискалдық деректер операторы болу үшін халықаралық және қалааралық байланыс операторының лицензиясы болуы керек. Мұндай лицензиялар, мысалы, Қазақтелеком мен Транстелекомда бар. Осылайша, кішігірім операторлар жоғарыда аталған компанияларға лицензия үшін ақы төлеуге мәжбүр, бұл нарықты бәсекелестік жағдайда дамытуға мүмкіндік бермейді. 

Комиссия отырысында осы лицензиялық шарттардың болуын міндетті етуді алып тастау ұсынылды, бұл операторлық қызметтердің бәсекелі нарығын құруға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ Деректерді өңдеу орталықтары үшін инженерлік инфрақұрылымға қатысты «Транстелеком» АҚ тарифтерінің негізділігіне талдау жүргізу, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың ұзаққа созылуына байланысты Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы  Каспий теңізінің түбінде талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жөніндегі үкіметаралық келісім шеңберінде айқындалған 

«Транстелеком» АҚ-ның эксклюзивті құқығын шектеу жөніндегі жұмысты жалғастыру ұсынылды. Ә. Смайылов ҚР ЦДИАӨМ-ге аталған бірлескен жоба аясында қазақстандық операторды ауыстыру бойынша Әзербайжан тарапымен келіссөз жүргізуді тапсырды. 

Сонымен қатар Комиссия отырысында «Транстелеком» АҚ үлестерін жеке тұлғаларға сату салдарына, сондай-ақ иеліктен айыру кезінде мемлекетке келтірілетін ықтимал залалға талдау жүргізу ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы