ҚР СІМ орынбасары Брюссельде Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады

1 Сәуір 2022, 09:33
1520
Бөлісу:
ҚР СІМ орынбасары Брюссельде Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссельде Еуропалық институттар мен Бельгия Корольдігінің жоғары лауазымды өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Сапардың негізгі мақсаттарының қатарында – құбылмалы халықаралық ахуал жағдайындағы Қазақстан мен Еуропалық одақ қарым-қатынастарына шолу жасау және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге  2021 ж. қарашадағы сапарының қорытындылары бойынша уағдаластықтардың іске асырылуын талқылау. Келіссөздер барысында ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (Келісім) іске асыру бойынша ары қарайғы қадамдарды талқылауға, сондай-ақ Бельгиямен екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Сапардың бірінші күні Министрдің орынбасары Еуропалық одақтыіэң Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакаламен, Еуропалық парламенттің депутаттары Бернар Гетта, Начо Санчес-Амор, Клемен Грошель және «Қазақстан - Еуропалық одақ» парламенттік достық тобының төрағасы Рышард Чарнецкиймен келіссөздер өткізді.

Еуропа парламентінің депутаты Кристоф Грудлердің бастамасы бойынша ұйымдастырылған, экономиканы жасылдандыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел Қазақстан мен ЕО-ның жасыл экономикаға көшу бағытындағы өзара іс-қимылдарын, атап айтқанда, ЕО болашақта енгізгелі отырған шекаралық түзетуші көміртегі салығы (Carbon Boarder Adjustment Mechanism) аясында сауда жасау мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Р. Василенко Бельгия Сыртқы істер министрінің орынбасары Йерун Кореманмен кездесуінде екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттарын, сондай-ақ өзекті халықаралық мәселелерді қарастырды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бельгиялық кәсіпорындар Қазақстанға шамамен 10 млрд. доллар тікелей инвестиция жасаған, ал жыл қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 419 млн. долларды құрады. Қазақстанда Бельгия капиталы бар 70-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Жоғары лауазымды еуропалық өкілдермен келіссөздер барысында Р. Василенко ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 25-26 қарашадағы ЕО астанасына жасаған алғашқы сапары Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың күн тәртібін өзектендіруге ықпал еткенін және сауда, көлік, энергетика салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін айшықтауға мүмкіндік бергенін айтты. Ол сондай-ақ екіжақты саяси диалогтың, экономикалық және сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың, адам құқықтары және Қазақстанды саяси жаңғырту саласындағы өзара іс-қимылдың жоғары динамикасын атап өтті.

Министрдің орынбасары еуропалық тарапты Мемлекет басшысының ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларын іске асыру барысы туралы хабардар етіп, Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тұстарымен таныстырды. Отандық дипломат сондай-ақ елдегі Қасіретті қаңтар оқиғалары бойынша жүріп жатқан тергеу амалдарының өзекті деректерін де тілге тиек етті.

Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау аясында Украина төңірегіндегі ахуал қарастырылып, осыдан өрбіген санкциялық шаралардың Қазақстан экономикасына кері әсерін барынша азайту қажеттігі туралы түсіністікке қол жеткізілді.

Р. Василенко Брюссельмен ынтымақтастық деңгейіне жоғары баға беріп, еуропалық тарапты Келісім аясында сауда-инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ «Еуропалық жасыл мәмілеге» сәйкес жасыл экономикаға көшу бойынша өзара іс-қимылға назар аударуға шақырды.

Еуропалық тарап Қазақстанмен екіжақты және көпжақты қарым-қатынастың мазмұнды күн тәртібін жоғары бағалап, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Келісімді жүзеге асыруға мүдделі екендігін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы