Қазақстан мен Ресей. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

23 Қыркүйек 2022, 08:42
1521
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

22 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, ММХҚИ және Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылуына 30 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Конференцияға ММХҚИ ректоры Анатолий Торкунов, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев, ҚР Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің жетекші талдау орталықтарының сарапшылары қатысты.

Конференция Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің дамуы мен болашағына, сондай-ақ жаһандық және аймақтық сын-қатерлер мен екі ел арасындағы ынтымақтастықты талдауға арналды.

Кездесу барысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов биыл Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынастар мен стратегиялық әріптестікке 30 жыл толатынын атап өтті. Қазақстан да, Ресей де бір-бірінің тұрақты және табысты дамуына аса мүдделі. Е.Тұқымовтың айтуынша, өзгермелі геосаяси жағдайда «дипломатияның екінші жолын», нақты айтқанда екі ел арасындағы сарапшылық диалогты нығайту өте маңызды.

РФ СІМ ММХҚИ ректоры Анатолий Торкунов өз сөзінде екі ел арасындағы сарапшылық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Қарқын алып келе жатқан геосаяси турбуленттілік жағдайында бұл өзара әрекеттестік тетігі өзекті мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады.

Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Ермек Көшербаев екі ел арасындағы ұзақ мерзімді және нәтижелі ынтымақтастықтың негізі ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті.

Өз кезегінде Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко екіжақты қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Жаңа Қазақстанды» құрудағы күш-жігеріне тоқталды.

Жалпы сарапшылар әлемдік саясаттағы үрдістер мен өзгерістер, өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасып, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Өзгелердің жаңалығы