ҚР АШМ мен ДДЖҰ өкілдері ветеринариядағы ынтымақтастық мәселесін қарастырды

Бүгiн, 03:47
229
Бөлісу:
ҚР АШМ мен ДДЖҰ өкілдері ветеринариядағы ынтымақтастық мәселесін қарастырды
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДДЖҰ) Бас директоры Иммануэль Субейранмен ветеринария саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесудің негізгі мақсаты – ветеринария саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылау, қауіпсіз сауда мәселелері бойынша консультациялар өткізу және ДДЖҰ тарапынан техникалық қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыру болды.

Тараптар Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының ірі қара малдың лейкозын диагностикалау бойынша ДДЖҰ референттік зертханасы мәртебесін алуына бағытталған твининг-жобаларды, сондай-ақ Қытайдың Харбин ветеринариялық ғылыми-зерттеу институты мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті арасындағы аттардың инфекциялық анемиясы бойынша Орталық Азия елдері үшін ДДЖҰ референттік зертханасын құру жөніндегі твининг-жобаның іске асырылу барысын талқылады.

Иммануэль Субейран жобалардың ілгерілеуінің оң динамикасын атап өтіп, ДДЖҰ Ғылыми комиссиясының алғашқы жоба бойынша шешімі осы жылдың қыркүйегінде жарияланатынын мәлімдеді.

Вице-министр Қазақстанның халықаралық стандарттарға сәйкес жануарларды экспорттауға арналған Маңғыстау облысында халықаралық карантиндік орталық құру жөніндегі бастамасын жария етті. Талқылау барысында ДДЖҰ-дан осындай алаңды ұйымдастыру бойынша техникалық ұсынымдар, Қазақстан арқылы қауіпсіз экспорттау механизмдері және өңірлік тәуекелдерді басқару жөніндегі ұсыныстар сұралды.

ДДЖҰ Бас директоры бұл мәселені сарапшылық деңгейде қарастыруға және тиісті ұсынымдарды ұсынуға дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық облыстарының аусыл бойынша мәртебесін қалпына келтіру, оңтүстік-шығыс облыстардың қолданыстағы мәртебесін сақтау, қазақстандық ветеринарларға арналған оқу семинарларын өткізу мәселелері қаралды.

Айта кетейік, Қазақстан қазіргі уақытта ДДЖҰ-ның аусыл (оңтүстік-шығыс облыстар), африкалық ат обасы және классикалық шошқа обасы бойынша ресми мәртебелеріне ие. Министрлік солтүстік-батыс облыстарда қолайлы мәртебелерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізуде.

 

Өзгелердің жаңалығы