Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат атағандай, Қазақстан – құқықтық мемлекет. Сондықтан заң алдында азаматтардың барлығы тең.
Заң қатал, бірақ ол заң деген тұжырым бар. Сол себепті ол кісінің (Қайрат Қожамжаров – ред.) іс-шараларына қоғамның сұрағы өте көп. Менің ойымша, егер кінәсі дәлелденсе, онда заң алдында жауап беруге тиіс, - деді депутат.
Саировтың сөзінше, кезінде Антикор сол кездегі кланаралық саяси мәселелерді шешудің құралы болған.
Өздеріңізге жақсы белгілі, көптеген резонанс іс болды. Оған қоса, Қорғас бойынша, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ісі, міне осы істің барлығында "адамдарды қинаған" деген күдік бар. Егер осы күдік анықталса, онда сол күдіктінің барлығы заң алдында жауап беруі қажет. Қожамжаровтың өзіне келетін болсақ, ол сол кездегі кланаралық саяси мәселелерді шешудің негізгі тұлғасы болған. Сонымен бірге ол азамат заңсыз байыған деген де күдік бар, - деп айтты Саиров Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.
Депутат кезінде журналистердің бірі Қожамжаров әулетінің Дубайда 11 млн доллар шоты бар деп айып таққанын еске салды. Сөзінше, енді осы фактілердің бәрін қайтадан тексеру қажет.
Депутат Ерлан Саиров өзінің қызметі барысында құқық пен заңның саяси конъюнктура мен кланаралық мүдделермен ауыстырылғанын атап өтті.
Қожамжаров – бұл заңды, адам құқықтарын және барлық құқықтық нормаларды өз мүддесіне бейімдеген адам. Көптеген адам зардап шекті, өйткені кланаралық мәселелерді шешуге тура келді. Бүгінде көптеген фактілер анықталып жатыр, олардың барлығы заң бойынша мұқият тексеріліп, бағалануы тиіс, – деді Саиров.
Бұған дейін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 8 наурызда белгілі болғандай, ҚР Бас прокуратурасы бұрынғы сенатор, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің экс-төрағасы Қайрат Қожамжаровтың "Қорғас ісіне" қатысы барын растады.